Қорғаныс министрлігінде ведомство басшысы әскери қызметші әйелдермен кездесті.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов нәзік жандылардың бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүрген атап өтті. Олардың жетістіктері мен шыққан биігі барлық қазақстандықтарға жігер беріп, ынталандырады. Ұлы Отан соғысы жылдары да осылай болды.
– Соғыс – ер азаматтардың ісі екені бәрімізге мәлім. Алайда 1941-1945 жылдары болған сұрапыл кезең талай батырларды танытты. Сын сағатта елі үшін қазақ халқының даңқты қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген әйелдер ерлермен тізе қосып, Отан қорғады, – деді министр.
Әскери қызметші қыз-келіншектердің армиядағы жауынгерлік әзірліктің және әскери қызметтің беделін арттырудағы рөлін атап өтіп, қорғаныс ведомствосының басшысы адал қызметі үшін шын жүректен алғыс айтты.
Олардың қатарында десантшылар мен спортшылар, мемлекеттік құпияларды қорғау және жауынгерлік даярлық жөніндегі мамандар, әскери полицейлер мен дәрігерлер, техникалық мамандар мен байланысшылар, әскери психологтар мен қаржыгерлер, кадр мамандары мен тәрбиешілер бар.
– Бүгінде олар мейірімді ана, адал жар және үй шаруасындағы тамаша жан ғана емес, әскери қызметші әйелдер әуе кемелерін де басқарады, теңіз навигациялық міндеттерін де орындауға қатысады, ҰҚШҰ мен ШЫҰ аясындағы жаттығуларға да қатысады, ер адамдармен тең дәрежеде жауынгерлік кезекшілік те атқарады, – деп атап өтті генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
23366 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Жанар Оспанова өзінің 1996 жылдан бері Қарулы күштерде жауапты лауазымды қызметін атқара жүріп, балаларына қамқор, отбасындағы бақ-берекенің ұйытқысы болуының сырымен бөлісті.
– Құпия ештеме жоқ. Ең бастысы – үнемі жинақы болу, отбасындағы басты нәрсе береке екенін ұмытпау. Сонымен қатар белсенділікті жоғалтпау деп ойлаймын, – деді Жанар Оспанова.
Қорғаныс ведомствосының басшысы олимпиада чемпионы, Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің штаттық командаларды даярлау орталығы бастығының орынбасары подполковник Ольга Рыпаковаға зор алғысын білдірді. Биылғы жылы атақты жеңіл атлет спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді, дегенмен оның бай тәжірибесі мен білімі армия спортшыларын даярлау ісінде сұранысқа ие екені анық.
Қарулы күштердің ардагері, запастағы полковник Мара Райымова «Астана» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасарына дейін кәсіби тұрғыда тынымсыз еңбегімен өсті. Оның өмір жолы – әрбір әскери қызметшіге үлгі боларлық.
Кездесудің әр қатысушысы туралы көп нәрсе айтуға болады. Гвардия сержанты Надежда Колдырева 32363 әскери бөлімінде қызмет етіп, 17 рет парашютпен секірді. 35835 әскери бөлімі штабының офицері аға сержант Толқын Бәкіжанова Армия халықаралық ойындарының «Бейбітшілік жауынгері» байқауында Қарулы күштердің намысын қорғады. Осы байқауда бірнеше жыл қатарынан Қазақстан командасының бірінші орын алуында оның да ерен еңбегі бар.
Алматы гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы подполковник Кристина Новикованың домбырада күйді толғауы әйелдердің жан-жақты талантты екенінің тағы бір дәлелі болды.
Кездесу соңында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жоғары көрсеткіштері мен үлгілі қызметі үшін ерекше көзге түскен әйелдерге құрмет грамоталары мен медальдар табыс етті.
Бірқатар әскери қызметшілерге мерзімінен бұрын әскери атақтар берілді.