Қорғаныс министрлігі әскери комиссариаттардың жаңа келбетін қалыптастыруда

0

2019 жылы Қорғаныс ведомствосында қабылданған жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың басынан жергілікті әскери басқару органдарын (әскери комиссариаттарды) қайта ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер Қарулы Күштер мен қоғамды байланыстыратын негізгі буын болып табылады. Сол себепті Қорғаныс министрлгімен оларға жаңа, заманауи келбет беру бойынша шаралар ұйымдастырылды. Жүргізілетін өзгерістер осы бағыттағы қызметтің барлық саласына қатысты.

Ең алдымен, бұл әскери комиссариаттардың халыққа қол жетімділігі мен ыңғайлылығы, олардың сыртқы келбеті, инфрақұрылымы маңызды. Осы мақсатта ғимараттарды жөндеу, қажетті қызметтік және тұрмыстық үй-жайларды құру, жабдықтау, оның ішінде халықты қабылдау және әскерге шақырылушыларды орналастыру, автомобиль техникасына арналған тұрақтар бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Халықпен жұмыс жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір азамат әскери комиссариатқа келгеннен кейін, әскери есепке алуға және әскери қызметке шақыруға қатысты анықтамалық материалдармен таныса алады. Мекемеге келушілермен тікелей жұмыс істеу үшін азаматтарды қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап бере алатын және қажет болған жағдайда мәселелерін шешуге көмек көрсететін арнайы қызметкерлер оқытылады.

Жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын жетілдіруде цифрландырудың да маңызы зор. Осыған дейін әскери комиссариатқа келіп алу керек болған 9 қызметтің түрі бүгінгі күні оны электрондық үкімет порталынан алуға болады. Атап айтқанда, есепке қою және есептен шығару, әскери-техникалық мектептерге түсу, тіркеу куәлігі мен әскери билет, сондай-ақ түрлі ақпараттық анықтамалар алу.

Әскери комиссариаттарды басқа мемлекеттік органдардың деректер базасымен интеграциялау жүргізілуде. Бұл әскери есепке алуды электрондық форматта жүргізуге, ал әскери міндеттілерді есепке қою мен шығаруды олардың тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі бойынша автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік береді.

Қорғаныс ведомствосының жоспары бойынша осы іс-шараларды жаппай іске асыру азаматтардың әскери қызметке түсуде ыңғайлылықты қамтамасыз етіп, армия мен қоғам арасында сындарлы диалог қалыптастырады. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қағаз бастылықты қысқартуға ықпал етеді.

Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Елорданың аудандық әскери комиссариаттары базасында «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» пилоттық жобасы іске қосылды. Ал жақын арада барлық жергілікті әскери басқару органдарын осы заманғы бірыңғай стандартқа келтіру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және азайту жөніндегі қызмет ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа ағымдағы жылдың ақпан айында қол қойылған өзара іс-қимыл туралы меморандум негізінде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де қосылды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.