ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІН ЦИФРЛАНДЫРУ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІ НЫҒАЙТАДЫ

0

Жергілікті әскери басқару органдарын цифрландыру шеңберінде Қарулы Күштер Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстар департаменті мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және ақпараттық қауіпсіздікті арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторларының бірі деп атады. Бұл бағытта Қарулы күштерде «Цифрлық армия» бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар кешені іске асырылуда. Басқару жүйесін автоматтандыру және әскери мақсаттағы ақпараттық жүйелерді енгізу басқару органдарының қызметін бюрократиясыздандыруға, шешімдер қабылдаудың жеделдігін арттыруға және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.
Осыған орай, Қорғаныс министрлігі жеке құрамды оқытуға ерекше назар аударып отыр. Осылайша, ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшелері бастықтарының мамандардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған оқу-әдістемелік жиындарын өткізді.
Сабақ барысында мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшелерінің бастықтары ақпаратты криптографиялық қорғаудың бағдарламалық құралын пайдалана отырып, жергілікті әскери басқару органдарында құжаттарды электрондық форматқа көшіруді ұйымдастыру тәртібін үйренді. Бұл ретте офлайн режимінде қызметтік мәліметтерді берумен қорғалған байланыс пайдаланылды.
Мұндай тәсіл құжаттардың қайталануын болдырмайды, қағаз құжат айналымын барынша азайтады және фельдъегерлік және арнайы пошта байланысы арналары арқылы жөнелтуге арналған ақшалай шығыстарды қысқартады. Сонымен бірге ақпарат алмасудың тиімділігі едәуір артады. Ақпаратты криптографиялық қорғау құралын жаңғырту жақын арада онлайн режиміне өтуге мүмкіндік береді.
2020-2021 жылдар аралығында Қорғаныс министрлігі «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» пилоттық жобасын іске асырған болатын. Бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен тиімді интеграцияның арқасында халық үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге айтарлықтай қадам жасалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.