«Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші айта айта Қордайды, тәртіп қашан орнайды, дегің келеді. Каналды жағалай жүретін Әлімбаев көшесі бойындағы аллеяның өңі қашып, күннен күнге тозып бара жатқанын аудандық газет тілшілері талай рет көтерген болатын. Бүгін сол тақырыптан тағы да ауытқып кете алмадық.
Ашылғанда қандай әдемі, көркем, керемет болғаны туралы айтып жатудың қажеті жоқ. Оны қордайлықтар ұмытып та қалған. Қазір барсаң құты қашқан, түнде емес күндіз жүруге қорқатын сұрықсыз орынға айналды. Алғашында шамдарын сындырып, ішін қоқысқа толтырып кетіпті, деп жүргеніміз тыныш заман екен. Бүгінгі күнде аллея деп айтуға аузың бармайды. Әппақ шамдар шағылып, сорайған трубалары қалған еді. Оны көп көріпті біреулер. Бұрын самаладай жарқыраған шамдар орналасқан 34 трубаның қазір 21-і түбінен қиылып, қолды болыпты. Былтыр алты қабырғасынан ажырап тұрған аллеяның биылғы жылы қоршауының жетіншісі жеке біреудің үйіне кеткен сияқты. Түрлі-түсті металл қабылдаушылардың қорасына да кетіп қалуы бек мүмкін. Оны тап басып айта алмайсың. Әдемі орындықтарды да құры қалдырмай алып кетпек болған екен, алайда, түбіне құйылған бетоны қалың болғаны абырой болып, шығара алмапты. Бірақ, түбін тескілеп, қопарып әкетуге тырысқаны көрініп тұр. Жалғыз көзін алысқа тіккен бақылау камерасынан да қайыр болмаған сияқты. Ауылдық әкімдік бұл туралы білгенімен, қолдан келер қайран жоқ. Ретке келтірген күннің ертесінде-ақ ерегіскендей біреулер келіп талқандап кетіп отырады.
Оған тағы бір мысал, «Болашақ» ықшам ауданына апаратын көпірден асып түскен тұста, жолдың сол жақ бетінде алдыңғы жылы шағын ғана балалар алаңшасы салынған еді. Осы маңның балалары асыр салып ойнасын деген ниетпен. Ол да біреулерге ұнамай қалған сияқты. Қоршау жаны қурай мен шөпке толып, алаңша ішінде дауыл жүріп өткендей. Әткеншектері бір шынжырға ілініп, құм үстіне жасалған шатыры төңкеріліп құлап жатыр. Орындықтарының тақтайлары жұлынып, кейбір детальдарды түбімен қопарып, үшті-күйлі жоқ қылған.
Аллеядан бастап осы ойын алаңшасынан аяқтасаң қорқынышты кино түсіруге тамаша локация табуға болады.
«Қазаннан қақпақты тайдырмайтын» тәртіп қашан болады?», деген тілегіміз бен сұрағымыз бұл. Құқық пен қоғамдық тәртіп қорғандары осы мақаладан кейін «әу» дейтін шығар деген күдікке толы үмітіміз де бар.
Жандос ОМАРОВ