ҚОРДАЙ ӨҢІРІ ӨЗ БЕТОН ӨНІМДЕРІН ШЫҒАРМАҚ

0

Ауданымызда соңғы жылдары құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Әсіресе, мектептер мен амбулаториялар, су және газ құбырларының салынып жатқандығын байқап жүрміз. Ал осы құрылыстың басты элементі темір-бетоннан жасалынған материалдар өндірісі ауданымызда аса дамымаған еді. Жуырда бұл олқылық түзетіліп, аудан аумағында темір-бетон зауытының құрылысы басталып кетті.
Темір-бетон зауытының құрылысын «Стандарт Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Жуырда басшысы Ерғазы Құсайыновпен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Қордайдың сыртында орналасқан өндірістік нысан екі биік мұнарасымен бірден көзге түсті. Ішінде тау болып үйіліп жатқан құм, құм-шағал, зуылдап жүрген техника.
«Ашылып жұмыс істеп жатқанымызға бір айдай болып жатқан шығар. Оның алдында аукцион арқылы 3 гектар жер сатып алып, қазіргі кезде оны өзіміз шығарған бетон плиталармен қоршап жатырмыз. Негізі құрылыс саласында көпжылдық тәжірибеміз бар, Шу қаласында бір темір-бетон шығаратын зауытымыз жұмыс істейді. Енді міне Қордай жерінде де өндірісті орналастырсақ деген жоспарымыз бар», — дейді зауыт басшысы Ерғазы Расылханұлы. Негізі кәсіпорын тауарлы бетон, бетон сақиналарын, бетон құрылыс плиталары мен блоктарын шығарумен айналысуда. Зауыт басшысының айтуынша болашақта ассортиментті кеңейтіп, бетон блоктарының түр-түрін, бетон іргетастарын, темір торларды, профлист, құмблоктарды, брусчатканың түрлерін шығару жоспарлануда.
«Қазіргі таңда темір-бетон өнімдерін өндіруге үлкен тапсырыс алдық. Аудандағы Степное, Сарыбұлақ су құбыр жүйесін салу кезінде темір-бетон өнімдерін толығымен біз жеткізіп беріп жатырмыз. Басты назар сапада. Әсіресе құрылыс саласында сапаны қамтамасыз етпесең алысқа бармайсың», — дейді компания басшысы. Ерғазы Құсайынов қоршалған аумақты көрсетіп, болашақ өндірістік кешеннің жоспарын айтып берді. Мәселен, компания өз офисін салып, жұмысшыларға асхана, жуынатын жер, спортзал, тіпті сырт жақтан келетін жұмысшылар болса жатақхана салуды жоспарлап отыр. «Заман талабы сондай, жұмысшыларға жақсы жұмыс істеу үшін тиісті жағдай жасау қажет. Сол арқылы кадр мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз», — дейді ол. Болашақ зауытқа шикізат жеткізу мәселесі де шешілген: құмды компания өзінің Шудағы карьерінен жеткізіп жатыр. Ол алдын ала жуылып, жүк көлігімен келеді. Құм-шағал «Ақтас» АҚ карьерлерінен алдырылып, цементті Шымкент қаласынан, ал арматура мен химия Алматы қаласынан алып келінеді. Сонымен бірге, болашаққа арнайы кран-балка орнатылып, үсті жабылған үлкен цех салу жоспарда бар. Жалпы алғанда болашақ өндірістік кешенде темір-бетон құрылыс материалдарының кең ассортиментін шығару жоспарлануда. Құрал-жабдықтар Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінен шыққан. Мәселен, өндірістің негізгі машинасы тауарлы бетонды араластырып, шығаратын биік мұнаралы 125 тонналық екі машина қазақстандық «Алматы эксперименталды механизацияланған зауытта» құрастырылған екен, бетон сақина жасайтын қалыптар Ресейден алдырылған, ал жүк көліктері Қытайдан келген. Зауыт басшысының айтуынша қазіргі таңда зауытқа 100 млн. теңгеге дейін қаражат салынған, болашақта бұл сома 300 млн. теңгеге дейін өседі. Кәсіпорында қазіргі таңда оншақты адам еңбек етуде. Болашақта жұмысшылар санын 50 адамға дейін өсіру жоспарлануда. Ерғазы Расылханұлы өндіріс өскен сайын Қордай жерінде шығарылған темір-бетон өнімдерін жақын жатқан көршілерімізге де жөнелтеміз деп отыр. Ал ауданымыз ауыр темір-бетон өнімдерін алыстан арқаламастан, жақын жерден алуға мүмкіндік алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.