Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің «Coworking» алаңында әскери медицина қызметінің ардагері, подполковник Есімқұл Халықбаевтың «Алғыс» атты кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Шараға зиялы қауым өкілдері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, журналистер мен автордың отбасы қатысты.
Кеш барысында қонақтар қаламгердің өмір жолы мен көпжылдық еңбегіне тоқталып, оның әскери және азаматтық медицинадағы сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Ардагер журналист Құрманбек Әлімжан кітаптың құндылығын атап өтіп, бұл еңбектің ел үшін үлкен қазына екенін жеткізді.
Есімқұл Халықбаевтың «Алғыс» кітабы – өмірлік тәжірибе мен тағылымға толы еңбек. Ол тек бір адамның ғұмыр жолы емес, тұтас бір буынның медицина саласындағы қажырлы қызметінің айғағы.