ҚОРДАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ БЕГЗАТ БОЛАТБЕКОВТЫҢ «ҚОРДАЙ ШАМШЫРАҒЫ-КОРДАЙСКИЙ МАЯК» АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ГАЗЕТІН 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті журналистер!

Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз — «Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын.

«Шамшырақ»  өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі.

Өткен ғасырда «Бригада» атты шағын газеттен бастау алған басылым осынау жылдар ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өтті. Бір жылдары «Екпінді», «Красногоршы» болып аталса,  «Октябрь  туы» — «Знамя  Октября» деген атпен аптасына үш мәрте, төрт беттен жарық көрген кездері де болған. Ал, 1963 жылдың  бірінші  мамырынан  бастап газет  “Қордай  шамшырағы» — «Курдайский  маяк» болып атала бастады.

Газет әр жылдары қордайлықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды.

Ауданымыздың жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Шамшырақ» зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты. Ауданның кешегісі мен бүгінін жалпақ жұртқа жария ету — Сіздердің мәртебелі міндеттеріңіз. Сіздердің оны үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқандарыңызға кәміл сенемін.

Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін қазір де батыл көтеріп келеді.

Бүгінгі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді. Осы жылдар аралығында «Қордай шамшырағында»  О.Тоқтағұлов, Ө.Алтынбаев, Е.Нысанов, Б.Омарходжаев, А.Жұматаев, С.Баймұханов,  Б.Сақауов, С.Керімбаев, С.Тілеуқұлов,  А.Андреев, В.Бондарева, Ж.Көпбаев, М.Боқаев, Ж.Сатаев, Қ.Дәуітов, А.Қуандықов, Г.Кемпірова сынды марғасқалар еңбек етті. Солардың ішінде Қазақстанның еңбек  сіңірген  қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері көрнекті  жазушы  Несіпбек Дәутайұлын ерекше атап өтуге болады.

Бүгінде сол мықтылар салған сара жолды жаңа журналистер қосыны лайықты жалғастырып келеді.

Қазіргі таңда газет — Президент саясатын халыққа жеткізіп отырған,  айтар ойы салмақты, заманауи дизайнмен әспеттелген басылым. Бұл газет қызметкерлерінің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жасампаздық жолындағы жұмысының жемісі.

Бүгінгі мереке күні аудандық газет ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін! Еліміздің, аймағымыздың, ауданымыздың өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.