Құрметті қордайлықтар! Қадірлі жерлестер!
1 мамыр — тұрақтылық пен тыныштықты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Өйткені, ел бірлігі баға жетпес байлық, мемлекеттілігіміздің берік негізі, темірқазығы. Кең-байтақ жеріміз сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналып, бүгінде қазақстандықтар өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені арман-мұраттарымыз ортақ.
Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Бабаларымыздың бұл өсиеті – Әділетті Қазақстандағы басты ұстанымның бірі. Біз татулық, теңдік және әділдік қағидаларына негізделген қоғамда өмір сүріп келеміз.
1 мамыр – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында: «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз, біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру», деген болатын. Расында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі. Соның бір айғағы, жақында аудан жұртшылығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», су басқан аймақтарға үлкен көлемде «Жүректен жүрекке» акциясы аясында көмек көрсеттік.
Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Бейбітшілік пен тұрақтылық – жалпы халықтық игілік, оны күнбе-күнгі еңбегімізбен нығайтып, қорғауымыз қажет.
Құрметті жерлестер!
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп дана халқымыз тегіннен-тегін айтпаса керек. Бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз ұлтаралық татулық пен шынайы түсіністіктің айқын айғағы. Осы мерейлі күні баршаңызға бақ-береке, толағай табыс, мықты денсаулық тілеймін.