Қордай ауданында аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай төрағалық етті.
Кездесудің негізгі тақырыбы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум қорытындыларын талдау болды. Отырысқа қатысушылар науқан барысында анықталған кемшіліктерді жан-жақты қарастырып, оларды жою жолдарын талқылады және сайлау процесін одан әрі жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірледі.
Талқылау барысында бірқатар сайлау учаскелерінде сайлаушылардың біркелкі бөлінбеуі байқалғаны атап өтілді. Осыған байланысты учаскелер шекараларын қайта қарау және электоратты теңгерімді бөлу қажеттігі туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Әлжан ана ауылында қосымша сайлау учаскесін ашу ұсынылды.
Кейбір сайлау учаскелерінің ресми мекенжайларын нақтылау және оларды қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестендіру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.