«Туған жерге – тағзым, еңбекке – құрмет!» деген асыл ұранды ту еткен еліміздің жастары биылғы еңбек маусымында да ел игілігі жолында бірлікпен, ұйымшылдықпен жұмыс істеуге әзір. Маусым айының соңында Қордай ауданында «Жасыл ел – 2025» еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті.
Бұл – экологиялық сана мен елжандылықты біріктіретін маңызды бастаманың жарқын жалғасы. Мемлекетіміздің табиғи байлығын сақтау, қоршаған ортаны көркейту, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру – «Жасыл елдің» басты мақсаты болып қала береді.
«Жасыл ел» бағдарламасы алғаш рет 2005 жылы іске қосылды. Сол уақыттан бері бұл бағдарлама жүздеген мың жасты біріктіріп, экологиялық мәдениетті дәріптеудің, патриотизмді қалыптастырудың тиімді құралына айналды.
20 жыл ішінде «Жасыл ел» жасағы еліміз бойынша 170 миллионнан астам түп ағаш отырғызып, миллиондаған гектар жерді көгалдандыруға үлес қосты. Ең бастысы – бұл бағдарлама арқылы жастар еңбекке бейімделіп, елге қызмет етудің шынайы үлгісін көрсетіп келеді.
Қордай ауданында да жыл сайын ондаған жас осы қозғалысқа белсенді түрде атсалысып келеді. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен биылғы еңбек маусымына 70-ке жуық жас қатысады деп күтілуде. Олар жаз бойы елді мекендерді көгалдандыру, ағаш отырғызу, қоғамдық орындарды тазалау, саябақтарды күтіп-баптау секілді жұмыстарға жұмылдырылмақ.
Жастардың осындай қоғамдық жұмысқа араласуы тек табыс табу емес, ең бастысы – жауапкершілік, ұжыммен жұмыс істеу, туған жерді қадірлеу сияқты адами құндылықтарды бойға сіңірудің жолы екені сөзсіз.
Маусымның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары, бөлім басшылары, ардагерлер мен белсенді жастар қатысып, еңбек маусымының сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Салтанатты шара барысында еңбек маусымына алғаш рет қатысқалы отырған жастарға арнайы нұсқаулықтар беріліп, қауіпсіздік ережелері таныстырылды.
Жастар өз сөздерінде:
– Елге пайдалы іс атқаруға мүмкіндік берген «Жасыл ел» жасағына мүше болғаныма қуаныштымын. Бұл – болашаққа жасалған үлкен қадам. Біз тек жұмыс істеп қана қоймаймыз, бір-бірімізбен араласамыз, орта қалыптастырамыз. Бұл жазғы демалысты тиімді әрі пайдалы өткізуге керемет мүмкіндік, – дейді жастар.
Биылғы маусым да табысты өтіп, жасыл түске оранған мекендермен, еңбекпен шыңдалған жастармен есте қалары сөзсіз.
Жастардың қолымен – жасыл болашақ!