ҚОРДАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БЕГЗАТ БОЛАТБЕКОВТЫҢ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті қордайлықтар!

Баршаңызды жалпы мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді.

Осы бір игілікті істен қордайлықтар да қалыс қалмай, мұқтаж жандарға жыл сайын осы мейрам қарсаңында көмек көрсетуде дәстүрге айналдырған. Жалпы Қордай ауданы тұрғындары, мұсылман қауым Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады. Бұл мейрамда ерекше ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны қуантады.

Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр.  Материалдық мүмкіндігі бар, әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп, мұсылмандық міндет. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Сол сауапты іске біз де барынша атсалысуға асығамыз.

Құрметті жерлестер!

Ондаған ұлт өкілдері біте қайнасқан Қордай жерінде қашанда қайырымдылыққа жаны құмар жандар жетерлік. Ал, бұл мереке сол қайрымдылықтың қайнар бастауы іспетті. Содан болар бұл мейрам адами құндылықтардың артуына да өз үлесін қосады. Ендеше тілеген ізгі ниеттеріңіз қабыл болсын! Елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрып, отбасыларыңыз аман, денсаулықтарыңыз мықты болғай!

Айттарыңыз қабыл болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.