Құрметті қордайлықтар!
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
2022 жылдың 16 маусымында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керектігін атап өткен болатын. Бүгінде араға біраз жылдар салып «25 қазан – Республика күні» ұлттық мереке ретінде бекітілді. Бұл күн – ата-бабамыздың арманы жүзеге асып, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн.
«Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат», — деп Президентіміз атап өткендей мемлекетіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастыру жолындағы ерен еңбек әрдайым бағаланады деп сенеміз.
Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын.
Елдің даму көшінде қордайлықтардың да өзіндік орны бар. Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағыттары қарқынды дамып келеді. Алда сол динамика жандана түсері анық. Әр салада жаңашыл бастама мен игілікті істер бар. Аудан тұрғындарының игілігіне арналған әлеуметтік нысандар бой көтеріп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласында тұрғындар бірқатар биіктерді бағындыруда. Әсіресе стратегиялық жобаларды іске асыруға біздің аудан қомақты үлес қосуда. Инвестициялар тартылады, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуда.
Мұның бәрі берекелі бірлігіміздің арқасында жеткен жетістіктеріміз. Алдағы уақытта да әлі талай игілікті істердің куәсі болатынымызға сенімдеміз. Барша аудан халқын Республика күнімен шын жүректен құттықтай отырып, еліміздің кемел келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ береке тілеймін!