ҚОРДАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БЕГЗАТ БОЛАТБЕКОВТЫҢ 30 ТАМЫЗ – КОНСТИТУЦИЯ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті қордайлықтар!

Сіздерді еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Конституциясы – әр уақытта да азаматтық пен демократияның жарқын көрінісі, дамыған мемлекеттіліктің мызғымас тірегі болып келеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады», – деп атап көрсеткен болатын.

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған еліміздің Негізгі Заңы азаматтардың құқықтары мен бостандығына кепілдік беріп, тәуелсіз мемлекеттің түбегейлі қалыптасуындағы демократиялық заң құрылымының іргетасы саналады.

Ал 2022 жылы жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз бүгінде әділдік пен заң үстемдігінің символына айналып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған, ел дамуы үшін маңызы зор саяси реформаның нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгерту енгізілді. Отандастарымыз үшін бетбұрысты сәтте Қордай жұртшылығы да жан-жақты жаңғыруға бағытталған ауқымды реформаларға барынша қолдау көрсете білді. Барша Қазақстандықтардың өз ұстанымдарын білдіріп, бірлік танытуының нәтижесінде еліміздің басты құжаты ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстан қоғамын біріктіруге негіз болып келеді.

Құрметті жерлестер!

Конституция – заң үстемдігінің берік орнап, қоғамның ілгері дамуына қызмет ететін айрықша құжат. Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан егемен еліміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Олай болса, демократиялық құндылықтарды бекітіп, құқықтық тұғырымызды берік орнықтырып берген Ата Заңымызды әрқашан да ұлықтау – егеменді еліміздің әрбір азаматының қасиетті борышы.

Барша қордайлықтардың отбасыларына амандық, зор денсаулық, елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілеймін. Тәуелсіздігіміздің, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің тұғыры биік болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.