Ел тарихының келбетін келешек ұрпаққа айна қатесіз жеткізетін, қазына қоймасы, ұлттық мұраның сақтаушысы — архив. Ұлтымыздың ұлы істерінің жиынтығын сақтап, болашақ ұрпақтың ой-санасына жеткізе білу, сондай-ақ, тарих шеңберінде орын алған өзекті оқиғаларды жас ұрпақтың бойына сіңіру, баршамызға ортақ міндет. Ал сол абыройлы міндетті орындауда алдыңғы қатардан бой көрсететін, мемлекеттің алтын қазынасын көзінің қарашығындай сақтайтын мекемелердің бірі — Қордай ауданының мемлекеттік архиві.
Алғаш рет Қордай ауданында «Халық депутаттары Құрдай аудандық Кеңесінің атқару комитетінің» шешімімен 1987 жылы 8 қаңтарда мемлекеттік мекемелердің, колхоз, совхоз, ұйымдардан жеке құрам құжаттарын қабылдайтын архив ашылды. Ал «Абай» атындағы мектеп-интернат 1994 жылдың 22 қаңтарында Қордай ауданы әкімінің қаулысымен Қордай аудандық мемлекеттік архивінің балансына берілді. 2022 жылы архив мекемесін жаңа ғимаратпен қамтамасыз ету ісі қолға алынып, ғимарат 2023 жылы қолданысқа берілді. Мекеменің қазіргі көрінісі көңіл қуантарлықтай, жаңа ғимарат заман талабына сай бой көтерген. Оған қоса, іші де заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. 2 қабаттан тұратын бұл ғимаратта құжаттарды қабылдау бөлмесі, арнайы қоймалар, қызметтік бөлмелер және мәжіліс залы бар.
Жаңарған жаңа ғимараттың ішінде мемлекеттік сақтауда, аудан тарихынан сыр шертетін көптеген құжат бар. Нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттік архивте жалпы саны 182 қорды құрайтын, тарихи маңызы бар 62075 сақтау бірлігі бар. Құжаттардың ең көнесі — 1904 жылғы «Азаматтық хал актілерін жазу» бөлімінің құжаттары болса, ең соңғы қабылданған құжаттар 2018 жылға тиесілі. Одан бөлек, 1931-1933 жылғы аудан тұрғындарының ашаршылықтан қайтыс болғанын дәлелдейтін құжаттарды, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құжаттарын (1941-1945), ауданның кескін карталарын (1995 ж), Қордай ауданының Құрметті азаматтарының тізімі мен оларға қатысты деректерді және т.б құжаттарды көруге болады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы сақтауда тұрған құжаттар саны 5310 сақтау бірлікке толықтырылды. Бұл құжаттар Шу ауданының мемлекеттік архивінен келіп түсті. Толықтырылған сақтау бірліктеріндегі құжаттар 1928-1988 жылдар аралығын қамтитын Қордай және Красногор ауданының тұрақты сақтау құжаттары болып табылады.
Қазіргі уақыттағы, әлем бойынша кең өріс алған цифрландыру үдерісінен архив саласы да қалыс қалмады. Архив деректерін тек қағаз құжат түрінде жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде сандық нысанға көшіру мәселесі қолға алынған. Қазіргі таңда құжаттарды цифрлық нысанға көшіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, 11260 іс-қағаздың 1118486 парағы электронды-сандық нысанға көшірілген.
Қордай ауданының тарихи діңгегін сақтауға өз үлесін қосып жүрген архив саласының қызметкерлерінің жұмыстағы күнделікті бір күні қалай өтетіні, қалың бұқараны ойландырмай қоймасы анық. Олай болса, архившілердің қызметтерімен танысайық. Архив қызметкерлерінің негізгі жұмысы архивтік анықтамалар мен құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру, мекемелердің ведомостволық архивтерінен құжат қабылдау, есепке алу, тігіп-түптеу, жыртылған, мәтіні өшкен парақтарды қайта қалпына келтіру, сұрыптап, маңызы жоғын жою, іс номенклатурасын құрастыру, жазба қағазын жазу, ғылыми-техникалық өңдеу, құжаттарды шаң-тозаңнан тазарту, мекемелер мен ұйымдарға архив ісі жөнінде әдістемелік қызмет көрсету және т.б. Сонымен бірге, архивистер аудандық деңгейдегі айшықты оқиғаларға байланысты фотоқұжаттық көрмелер дайындайды, оқушылармен экскурсиялар ұйымдастырады, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді және архив құжаттарынан мақалалар жазады. Иә, бұл, сізге беймәлім болған, архив қызметкерлерінің күнделікті атқаратын қызметтері.
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін архив саласының қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2020 жылғы Үкіметтің қаулысына сәйкес жыл сайын 22 желтоқсанда аталып өтеді. Кәсіби мерекенің бұл күнге тұстас келуінің өзінде де үлкен мән бар. Себебі, дәл осы күні 1998 жылы елімізде тұңғыш рет Ұлттық архив қоры жайлы Заң қабылданған болатын.
«Тарихыңды білмей — болашағыңды құру мүмкін емес» — демекші, елдігімізді ертеңгі ұрпаққа танытып, еліміздің жарқын болашағын құрастыру үшін тарихымызды сақтау маңызды. Ал архив — мемлекетіміздің ертеңі мен бүгінін жалғаушы құнды деректер қоры.
Азамат АБАЙ, Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының Қордай ауданының мемлекеттік архивінің архивисті