«ҚОРДАЙ – МЕНІҢ ЖҮРЕГІМНІҢ БІР БӨЛШЕГІ»

0

Бүгінгі кейіпкеріміз – өмірді шексіз сүйетін, адамдарға жақсылық жасаудан жалықпайтын, қандай қиындық келсе де мойымайтын жан. Ол – Қордай ауданындағы кішкентай ғана Арал ауылынан шыққан, бүгінде Түркияның Анталия қаласында тұрып жатқан Назиля Касымова.

Неге Түркияға көшу туралы шешім қабылдады? Ол жақта немен айналысады? Туған ауылына деген шексіз махаббаты қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Назилямен сұхбаттасудың сәті түсті.

Назиля Касымова – ұлты әзірбайжан болғанымен, қазақ тілін жетік меңгерген жан. Біздің сұхбатымыз да таза қазақ тілінде өрбіді. Ол 1971 жылы бұрынғы Славный, қазіргі Арал ауылында дүниеге келген. Жеті баланың кенжесі.

– Үйде алты қыз, бір ұл едік. Әкем мені ерекше еркелететін, бірақ тым еркінсітіп те жібермейтін. Әкем әскери адам болғандықтан, тәрбиемізге, тәртібімізге, оқуымызға қатты мән берді. Барлығымыз мектепті үздік аяқтадық. Балалық шағым әпкелерім мен ағамның, әкем мен анамның махаббатына бөленіп, ерекше керемет өтті. Әпкелерім қыз балаға тән нәзік болып өссе, мен еркекшора болып бой жеттім. Ағам маған атпен шабуды үйретті. Ол әскерге кеткенде, фермада жұмыс істейтін әкем мен анама көмектесетінмін. Мектептен келген соң тамақ ішпей, бірден малға қарайтынмын. Үстімде шалбар, күртеше, басымда ұлдардың бас киімі, шашым қысқа. Бәрі мені ер бала деп ойлайтын. Бірде ауылға Благовещенкодан бір әзірбайжан жігіт келді. Мен сол баяғы кейпімде мал қарап, жұмыс істеп жүрмін. Ол жігіт мені көріп:

– Кімнің баласысың? – деп сұрады.

– Исмаилдың, – деп жауап бердім.

Күнде көремін, ол мені жігіт деп ойлап жүр. Бір күні әпкем маған әдемі жаздық көйлек алып келді. Оны киіп, фермаға барсам, әлгі жігіт таңырқап қарап қалып:

– Сен қызсың ба, әлде ұлсың ба? – деді аң-таң болды. Сол оқиғаны еске алып, әлі күнге дейін күліп аламыз.

Назиля мектепті бітірген соң Қарағандыдағы тағам өндірісі университетінде оқыды. Кейін СЭС-те жұмыс істеді, кейін Тараздық жігітке тұрмысқа шығып, балалы болды. Қалада ұзақ тұрмады, отбасымен туған ауылынан үй сатып алып, көшіп келді. Бірақ 90-жылдардың қиын кезеңінде тұрақты жұмыс табу оңай болмады. Балалары кішкентай болса да, күн көру үшін еңбектенді.

– Біраз уақыт 47-мектептің асханасын жалға алып жұмыс істедім, кейін карьерде еңбек еттім. Осы кезде ұлым дүниеге келді. Декретте бос отырмай, үйде тәттілер пісіріп, саттым. “Жеті қазына” мейрамханасында да жұмыс істедім, – дейді Назиля. Түркияға көшу туралы ой бұрыннан болғанымен, ата-анасын жалғыз қалдырып кеткісі келмеді. Әсіресе, анасы бұл шешімді құптамаған екен.

– 1997 жылы әпкем Түркияға көшті. Ол физиотерапевт болып жұмыс істеп, маған: “Қиналсаң, осында кел, көмектесемін” дейтін. Бірақ анам жібермеді. “Сен кетіп қалсаң, біз қиналып қаламыз”, – деді.

2003 жылы анам өмірден өткен соң, көп ойландым. Ақыры, үйімізді сатып, отбасымызбен Анталияға көшіп бардық. Бұл мен үшін ең қиын шешім болды. Қордайды, туған-туыстарымды, достарымды тастап кету өте ауыр еді. Бірақ тұрақты жұмыс, қаржылық қиындықтар осы қадамға баруға мәжбүр етті. Оның үстіне, өзімді жаңа қырынан сынап көргім келді, – деп түсіндірді кейіпкеріміз.

Анталияда бәрі оңай болған жоқ. Бөтен ел, жаңа мәдениет, басқа тіл. Басында орыс мектебіне администратор болып орналасты, кейін туристік фирмаға аудармашы болып жұмыс істеді. Бірақ ешқайсысы көңілінен шықпады.

– Мен халыққа пайдасы тиетін нәрсемен айналысқым келді. Анталияға келген шетелдіктер виза, құжат жағынан қиындық көрмесін деп кеңсе аштым. Өйткені өзім бастапқыда осы жағынан көп қиналдым, ол кезде қазіргідей интернет жоқ, қажетті ақпаратты таппайсың. Сондықтан Түркияға келген шетелдіктер мен сияқты қиналмаса екен дедім. Адамдарға көмектесу – менің өмірлік миссиям сияқты. Ниетім таза болғандықтан болар, Алла да қолдап, жұмысым жүре бастады.

Қазір Назиля Түркияда тұруға ықтиярхат, медициналық сақтандыру, шетелдіктерді мектепке орналастыру, баспана сату-сатып алу бойынша көмек көрсетеді. Сондай-ақ, қаржылық қиындыққа тап болған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтарына жұмыс тауып берумен айналысады.

– Маған “Сіздің болғаныңыз қандай жақсы!” деп алғысын айтатындар көп. Бұл – қаржылай табыстан да қымбат. Егер біреуге жақсылық жасасаң, Алла оны екі есе қайтарып береді. Түркияда 15 жыл тұрсам да, қазақтарды да, қазақ тілін де ұмытпаймын. Өйткені менің балалық шағым, бүкіл өмірім қазақ тілімен байланысты.

Назиля үшін Қордайдың орны ерекше. Ол туған жері туралы сағаттап айтуға әзір.

– 1938 жылы біздің ата-бабамыз Қазақстанға қоныс аударды. Қазақтар оларды құшақ жая қарсы алып, соңғы нанымен бөлісті. Ауылда қазақ, әзірбайжан, орыс, шешен, кәріс түрлі ұлт өкілдері көп. Бәріміз бір үйдің балалары сияқты өстік. Өте тату тұрдық, бір-біріміздің мейрамдарымызды қуанышпен атап өтетінбіз. Айт кезінде бауырсақ пісіріп, бір-біріміздің үйімізге қонаққа барамыз. Ал Наурызда әзірбайжан ұлтының дәстүрі бойынша от жағып, сол оттан секіретінбіз. Бұл дәстүрді қазақтар мен орыстар да бірге орындап, бірдей қуанышқа бөленетінбіз. Әр мереке біздің достығымызды одан сайын нығайтып, ортақ тойымызға айналатын, – деп еске алады.

Назиля туған ауылына екі-үш жылда бір рет келіп тұрады.

– Жаңа мектеп салыныпты, өте әдемі! Ауылымның жылдан жылға көркейіп жатқанына қуаныштымын. Маған Аралдың әр бұрышы ыстық. Егер жолдары жөнделсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біз жұбайым екеуміз зейнетке шыққан соң, қысты Қордайда, жазды Түркияда өткізуді жоспарлап отырмыз.

Назиля әлемнің ең әдемі қалаларының бірінде тұрса да, туған жеріне деген махаббаттың орны бөлек екенін айтады.

– Әр елдің, әр қаланың өз ерекшелігі бар. Бірақ бәрі адамның өзіне байланысты. Өмірді сүйе білу керек! Оптимист болған адам барлық жерде бақытты өмір сүре алады, – дейді ол.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.