Қордай ауылы №47 мектепте 2022-2023 оқу жылында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Зерде» ғылыми жоба байқауының аудандық кезеңі өтті. Осы байқауға Әлжан ана ауылы №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің 5 сынып оқушысы Смамут Мейрамбек «Көне таңба – өшпес тарих» тақырыбында ғылыми жоба қорғады. (Ғылыми жетекшісі автор).
Бұл ғылыми жобаның ерекшелігі Қордай ауданындағы зерттелмеген петроглифтер еді. Петроглифтер Күнбатыс – 2 ауылы Тоспалы шатқалының жайлауында орналасқан. Онда қола дәуірі, сақ кезеңі мен түркі кезеңіндегі петроглифтер екенін жорамалданған еді. Аталған петроглифтерді тапқан Күнбатыс – 2 аулының тұрғыны, №11 С. Көбеев атындағы негізігі мектептің зейнеткер ұстазы, Тамара Аукенова апайдың баласы Әмір Аукенов. Тамара апай бұған дейін де көне түркі жазуы, көне түркі ескерткіштерін өз бетінше зерттеумен айналысқан ұстаз. Оқушым Мейрамбек екеуміз петроглифтерді өз тарапымыздан зерттеп-талдап көрдік. Осы петроглифтер жайлы Т.Аукенова Ә. Х. Марғұлан археологиялық ғылыми зерттеу институтының тарих ғылымының кандидаты А.Рогожинскиймен байланысқа шығып, петроглифтердің ғылыми сипаттамасын жіберген екен. Оқушы М.Смамут ғылыми жобаны ерекшелеп, арнайы сайт ашып, жоба туралы болжамдарын жүктеді. Сондай-ақ, ғылыми жаңалық ретінде қола, сақ, түркі кезеңдері бойынша анимация құрастырудың жобасын ұсынды. Соларкылы Мейрамбек Смамут облыстық кезеңге жолдама алды.
Ғылыми жобаны ары қарай тереңірек ашу үшін түрлі идеялармен жүргенде бағымызға орай, маусым айында ауданымызға Қазақстан Республикасы Әлкей Хаканұлы Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері, Шу – Талас археологиялық топтың басшысы А.Рогожинский бастаған археологтар келді. Археологпен бірге кіші ғылыми қызметкер Гаухар Қалдыбаева мен ғылыми қызметкер Ильяр Камалдинов те ауданымызда өз жоспарларына сай ғылыми зерттеу жұмыстарын жасады.
Археологтардың ауданымызға келгенін естіп, арнайы жолығып, өзіміздің көкейіміздегі сұрақтарға жауап алып қана қоймай, ғылыми жобамызға тың идея жинақтадық.
Біз сол күні жәй 1-2 күндік жұмысының бөлшегімен ғана таныстық. Бұл топтың әр жыл сайын қазақ тарихын ашуда, археология саласын дамытуда қосқан үлестері қаншама?! Жылдап еңбек етіп қана қоймай, археологтар өз ізбасарларын дайындап, оларға көрген-білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісуде. Осы топтың мүшелеріне шығармашылық табыс тілей отырып, арамызда шығармашылық байланыс әлі де жалғасын табады деп сенеміз. Алексей Евгеньевичке «Жаңа Қазақстанға» қосар үлесі көп болып, ел тарихында із қалдырған тарихи, танымал тұлғалар тәрбиелеуде еңбегі еселене беруін тілеймін.
Бұндай ғылыми зерттеу институтының қаншама топтары еліміздің тарихын ашуымен, зерттеумен айналысуда. Тарих пәнінің мұғалімі ретінде археологтармен тікелей байланыста болу, олармен тәжірибе алмасу, ол кісілердің тапқан құнды ақпараттарын жинап, оқушыларға тың деректермен бөлісу арқылы тарих пәніне деген қызығушылықты арттыруға болады. Осындай шығармашылық жұмыстар оқушылардың қазақ этнопедагогикасындағы қазақ халқының тәрбие және оқыту туралы санғасырлық мұрасы, қазақтардың арғы ата-бабалары, көне түркі ескерткіштеріндегі тәлім-тәрбие арқылы ақыл-ой өрісін кеңейтеді. Яғни балалар өз елінің, өзі тұрған өлкесінің тарихи орындарымен: петроглифтер, таңбалы тастармен, ескерткіштерімен таныса отырып, табиғатты қорғау және отансүйгіштік тәрбиесін дамытады.
Мейрамбек болашақта археолог, тарихшы немесе танымал тұлға болмаса да, бойына патриоттық сезіммен қатар еліміздің тарихының тым тереңде жатқанын түсіндіріп, осы жоба барысында, археологтармен кездесу барысында бойына рух, ойы мен қиялына ерік берер тылсым дүниелер шығаруына мүмкіндік жасай алғаным үшін қуаныштымын. Алдағы байқауда республика, тіпті халықаралық дәрежедегі құнды дүниелер шығарады деп Мейрамбекке сенім артамыз.
А.Сегізбаева,
№23 Т. Рысқұлов атындағы орта мектебінің тарих пәнінің
мұғалімі