ҚОРДАЙ ТҰРҒЫНЫНА ҚОЛАРБА ТАБЫСТАЛДЫ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жергілікті жерде нақты шаралармен жүзеге асуда. Бұл бастаманың басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, уақтылы әрекет ету, елмен етене жұмыс істеу. Осы бағытта Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков те тұрғындардың өтініш-тілегіне бейжай қарамай, қолдан келгенше қолдау көрсетіп келеді.

Өткен аптада аудан әкімінің жеке қабылдауына келген Қордай ауылының тұрғыны Жанат Буламбаева мүгедектерге арналған қоларбаға мұқтаж екенін айтып, көмек сұраған болатын. Екінші топтағы мүгедектігі бар азаматша үшін бұл күнделікті қозғалысқа қажетті жалғыз құрал еді.

Аудан басшысы мәселенің маңыздылығын ескеріп, қажетті көмекті демеушілер арқылы ұйымдастыруға уәде берген. Араға көп уақыт салмай, сол уәде орындалды. Сәрсенбі күні Жанат Буламбаеваға жаңа қоларба табысталды.

– Көптен күткен қоларбамды алып, қуанып отырмын. Қиналған сәтте қолдау көрсеткен аудан әкіміне және көмектескен жандарға алғысым шексіз, – деді Жанат апай толқынысын жасыра алмай.

Қарапайым тұрғынның тілегін жерде қалдырмай, уақтылы орындалуы – халық пен билік арасындағы байланыстың жандана түскенін көрсетеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.