«Қордай – ырыс мекені!»

0

Қой шаруашылығы – қазақтың ата кәсібі. Бабаларымыз «мал баққанға бітеді» деп бекер айтпаса керек. Қой – халқымыздың нәпақасы ғана емес, жүнінен киім, етінен дәм, сүтінен дәрумен алған берекелі түлік. Бүгінде бұл салада жаңа серпін, жаңа тәсіл, жаңаша көзқарас қалыптасып келеді. Төрт түліктің төресі саналатын қойды асылдандыру – ауыл шаруашылығының басты бағытына айналуда. Осы орайда Қордай топырағында өткен республикалық деңгейдегі көрме-сайыс – сол бастаманың жарқын айғағы.

Өткен жексенбіде Қордай ауданының орталық стадионы ерекше күйге бөленді. Мұнда аудан әкімдігінің қолдауымен дәстүрлі «Қордай – ырыс мекені!» атты республикалық асыл тұқымды қой көрме-сайысы дүркіреп өтті. Шараға Қазақстанның әр аймағынан ғана емес, көршілес Қырғыз елінен де іргелі шаруашылық өкілдері қатысып, бәйгеге өз төлдерін қосты.

Аталған көрменің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласына белсенді атсалысып жүрген шаруаларды құттықтады. Ол өз сөзінде:

– Бүгінгі көрме – тек қой тұқымын көрсету емес, бұл – тәжірибе алмасу, ынтымақ пен серіктестік алаңы. Ең бастысы, мұндай шаралар ауылдағы тіршілікті жаңғыртып, мал шаруашылығының жаңа белесін айқындайды, – деді.

Сондай-ақ, аудан басшысы Бегзат Болатбековтың атынан үздік шыққан бірқатар шаруаларға Алғыс хаттар табысталды. Құттықтаулар легіне аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов та қосылып, үздіктерді марапаттап, ел экономикасының негізі – ауыл еңбеккерлері екенін атап өтті.

Көрме жаңа форматта, яғни баллдық жүйемен өткізілді. Қазылар алқасы қатысушы қойларды салмағы, бойы, экстерьері секілді көрсеткіштер бойынша әділ бағалады. Мәселен, қойлардың жасына қарай төмендегідей салмақтық көрсеткіштер назарға алынды: – Ұрғашы тоқты (қозы тіс, 2 тіс): 80 кг жоғары, саулықтар: 110 кг жоғары, сүт тіс қошқарлар: 110 кг жоғары, 2 тіс қошқарлар: 120 кг жоғары,  4 тіс қошқарлар: 140 кг жоғары,  6 тіс қошқарлар: 150 кг жоғары,  8 тіс қошқарлар: 160 кг жоғары. Сонымен бірге, қойдың сыртқы көркі, тұяғының түзілімі, дене бітімі – барлығы ескерілді. Бұл – қойдың тұқымдық сапасын, болашақтағы өсімталдығын анықтайтын негізгі өлшемдер болып саналады.

Шараның көркем мазмұнын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен эстрада жұлдыздары толықтырды. Мақсат Базарбаев пен «Шапағат» тобы әннен шашу шашып, көрменің көркін қыздырды. Ән мен жыр, күй мен күйсандық астасқан әсерлі кеш қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Сондай-ақ, көрменің шырайын келтірген ұлттық ойындар – қошқар көтеру мен бұқа тартыс болды. Бұл – ата-бабадан мирас болған төл дәстүрдің қазіргі жастар бойына сіңіп келе жатқанын білдірсе керек. Қатысушылар да, көрермендер де ерекше әсерде болды.

Көрме қорытындысы бойынша жүлде қоры да қомақты болды. Әр санатта І, ІІ, ІІІ орын алған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал бас жүлде – «Нива» автокөлігі шулық Алибаба Мурсалзадеге табыс етілді. Бұл – еңбекпен келген адал табыстың шынайы бағалануы.

Асыл тұқымды мал өсіру – әр шаруаға жүктелген жауапты міндет. Қой – тек мал емес, ол – ұлттық бренд, экспорттық әлеуетіміздің тірегі. Осындай шаралар арқылы отандық мал шаруашылығының көкжиегі кеңейіп, ауыл экономикасының тынысы ашылары анық.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.