Өткен аптада аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылында жүріп жатқан бірқатар құрылыс нысандарында болып, мердігерлермен кездесіп, жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеген болатын. Қазіргі таңда құрылыс қарқыны қызған нысандар туралы аз-кем айта кетсек.
Аудан басшысы алдымен Қордай ауданының мемлекеттік архиві ғимаратының құрылысын көрді. «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС қолға алған жұмыстар мерзімге сай атқарылуда. Архив ғимараты екі қабатты болып бой көтерген, ішінде 200 мың құжатқа арналған 2 қойма болады. Жалпы ауданы 398,84 м2 алып ғимаратта дезинфекциялық камера орнату жобаланған. Аудан әкімі мердігерлермен сөйлесіп, бірқатар ұсыныс-пікірін айтты. Осыдан соң Бегзат Сейсенқұлұлы Қордай ауылындағы М.Ломоносов атындағы №2 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аудандағы ескі мектептердің бірі саналатын аталмыш білім ошағы жаңара түспек. Мұнда жұмыстар «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында басталған. Күрделі жөндеу күз айларына дейін аяқталады деп күтілуде. Барлығы ойдағыдай болса мектеп оқушылары жаңа сыныптарда білім алмақ.
Аудан басшысының келесі барған нысаны — Қордай ауылындағы Цемзауыт ықшам ауданында бой көтерген 20 пәтерлі, төрт қабатты екі тұрғын үйлердің құрылысы болды. «ПМК-109» ЖШС қолға алған жұмыстар аяқталуға таяу. Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысымен қолға алынған құрылыс жұмыстары барысындағы бірқатар мәселелер бойынша аудан әкімі нақты тапсырмалар жүктеді. Жұмыс сапары барысында аудан әкімі «Болашақ» ықшам ауданындағы 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы барысын көріп, одан кейін Қордай ауылы «Батыс» ы/а №3, 4 көп қабатты тұрғын үйлердің жайымен танысты. Белгілі себептермен тоқтап тұрған жұмысты қайта жандандыру мақсатында аудан әкімдігі тарапынан бірқатар шешімдер қабылданған. Мердігерлермен кездесу барысында аудан басшысы осыны еске салып, жұмысты жалғастыру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты. Келесі кезекте аталмыш ықшам ауданда салынған ВЛ-35 кВ электрмен жабдықтаудың инженерлік инфрақұрылымының құрылысымен танысқан Бегзат Болатбеков Қордай ауылы Жібек жолы көшесіндегі №1, 2 көп қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылым құрылысын көріп, мердігерлермен және жауапты мамандармен жүздесті.