Ат баптап, шабандоз дайындап, ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. 29 желтоқсан күні Қордай ауданы ат спортының өкілдері бас қосты. «Жеті қазына» тойханасында 2025 жылды қорытындылауға арналған салтанатты шара өтті. Жиынға ауданның ат спорты саласында табысты еңбек етіп жүрген атбегілер, шабандоздар және сала жанашырлары шақырылды.
Талай аламанда топ жарып жүрген қордайлық сәйгүліктер мен олардың бапкерлері бүгінде республика көлемінде ғана емес, көршілес мемлекеттерде де танымал. Осы еңбектері үшін бірқатар азаматтар марапатқа ие болды.
Шара аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жиында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев сөз сөйлеп, биылғы жылы өткен аламандарда жоғары нәтиже көрсеткен атбегілер мен шабандоздарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да аудан намысын абыроймен қорғайды деген сенімін жеткізді.
Салтанатты жиын барысында «Үздік атбегі», «Үздік шабандоз», «Үздік селекционер», «Үздік тағашы» аталымдары бойынша мықтылар анықталып, оларға аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі, ұлттық спорт мектебі және ат спорты федерациясы атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Әсіресе үздік шабандоз аталымы бойныша марапат алған қарадомалақтарға қарай отырып, елімізде ат спортының әлі де болса алар биігі алда екенініне көз жеткіздік.
Сонымен қатар, шара барысында Жамбыл облыстық ат спортының бәйге, классикалық және олимпиадалық түрлері федерациясы қоғамдық бірлестігінің атынан ұлттық спортты дамытуға сүбелі үлес қосқан бәйге ардагері Сәрсен Қияловқа арнайы төсбелгі табысталды.
Айта кетейік, көктем мезгілінде бастау алатын бәйгелерге дайындық қазірден басталып кеткен. Ұлттық спортты ұлықтап жүрген барша атқұмар қауымға алдағы маусым сәтті болсын деген тілегімізді білдіреміз.
Жандос ОМАРОВ