ҚОРДАЙДА АУҚЫМДЫ ЖОБА КӨП

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың есеп беру кездесуі 6 маусымда Қордай ауылының тұрғындарымен өтті. Аудандық Мәдениет үйінде болған жиынға келушілер қарасы да көп болды. Әдеттегі сұрақ-жауап кезеңіне көшпес бұрын ауыл әкімі Әділет Қаспақбаев атқарылған жұмыстары турасында баяндама жасады.

0

Аудан орталығында былтырғы жылы атқарылған жұмыстары турасында тізбелеген Әділет Меделбекұлы бірқатар мәліметтерді келтіре кетті. Олардың ішінде былтыр Қордайда  қолданысқа берілген нысандарда көп болған екен. Мәселен, аудан тұрғындарының  қолданысына мұрағат, халыққа қызмет көрсету орталығы, үш көп қабатты тұрғын үй беріліп,  Елім-ай көшесінің бойына және кеден бекетінің маңында  жаяу жүргінші жолы мен жарық шамдары, «Красный партизан» ықшам ауданына балаларға арналған ойын алаңы орнатылыпты.

Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 19 көшенің жалпы 7,2 шақырым жолына ағымды жөндеу, аудандық бюджеттен ХҚКО-ның жаңа ғимаратына барар 1,2 шақырым жолына орташа жөндеу және 2600 шаршы метр шұнқырларды жамау жұмыстары жүргізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан!» Республикалық экологиялық акциясы аясында 1500-ге жуық қара ағаш және 50 түп шырша тектес ағаштары отырғызылыпты.  Өтеген батыр көшесінің және «Самал» ықшам ауданының су жүйелерін орнатуға 17,4 млн. теңге бөлініп, жұмыстары толығымен аяқталған. Игілік әкелер инвестиция тарту да былтыр жағымды жаңалықтарға толы болған.  

 

8 млн. теңгеге инвестиция тартылып, 21 жоба іске асып, 165 жұмыс орындары ашылды. Ауылшаруашылығы бағытында 690,7 млн. теңгеге 4 жоба іске асқан. Ол жоба арқылы 30 адам жұмыспен қамтылды. 2024 жылға ауыл шаруашылығы бағытында 2 жоба іске асырылу жоспарлануда. Атап айтқанда «Бай Нұр» ЖШС жылына 5,8 мың тонна қуаттылығымен сүт фермасының құрылысы және «Есен Қордай» ЖШС-нің сүт өңдеу цехын ашу жоспарлануда, — дейді Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев.

Баяндама соңында ауыл әкімі аудан әкімінен Қарасай батыр көшесіне Шу өзенінің сол бұтақ каналы арқылы өтетін көпір салуға және Қарасай батыр көшесін Жібек жолы көшесіне дейін кеңейту, «Достық үйінің» құрылысы, орталық стадионды қайта жаңғырту, Төле би, Бөлтірік би көшелерін абаттандыру және 4,8 шақырым құрайтын 10 көшеге орташа жөндеу жобаларын іске асыруға қаражат қарастыруға ықпал етуін сұрады.

Келесі кезекте сөз алған аудан басшысы Бегзат Сейсенқұлұлы биылғы жылға жалпы ауылдық округ бойынша қолға алынатын жұмыстар, бөлінген қаржы турасында айтып өтті. Қордайлықтар көңілінен шыққан бұл жобаларға бізде қысқаша тоқтала кетсек. 2024 жылға Қордай ауылдық округі бойынша 3 млрд.теңгеден астап қаржы қарастырылыпты. Ол қаржы өрт сөндіру депосын аяқтауға, 12 пәтерлік үйді сатып алуға, «Емен саябағын» абаттандыруға, ойын алаңшаларын салуға жұмсалмақ. Мәселен, «Самал» шағын ауданындағы балалар ойын алаңшасы,  «Болашақ», «Красный партизан», «Цемзавод» шағын аудандарына  шағын футбол алаңшасы, Орталық саябақта скейтпарк спорт алаңы,  Жібек жолы көшесіндегі жарықтандыру тіректері үшін дюралайттан көше құрылымдарын орнату, Орталық саябақта 2 теннис кортын салу, орталық аланда ЛЭД экран және Жібек жолы көшесінің бойында 3 дана ЛЭД стеласын орнату, аудандық Мәдениет үйінің аумағындағы бордюрларды ауыстыру және кіре-беріс жол мен автокөлік тұрақ жабынына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, Қазыбек би және Құрманғазы көшелерінің бойында автокөлік тұрағы бар тротуар орнату, 150 адамға арналған ІІД бөлімшесіне жаңа ғимарат құрылысын аяқтау, Төле би көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу іске асатын болады.

Аталмыш жұмыстар атқарылған жағдайда аудан орталығының ажары ашыла түсері сөзсіз.

Осыдан соң сұрақ-жауап айдары басталып, тұрғындар сауалына кезек берілді. Сұрақ берушілер негізінен ауылдағы көкейтесті мәселелерді көтерді. Олардың қатарынада Әйтеков көшесіне асфальт төсеу туралы болып, ол сұраққа келесі жылға аталмыш көше ретке келетін болады.  Оған жоба да жасалып қойылыпты. Жібек жолы көшесі бойынша жаңадан салынған 1 үйдің тұрғындары кәріз жүйесі бойынша проблеманы алға тартып, сонымен қатар аулада жарықтандырудың және балалар алаңшасының төсеніші жоқ екендігін айтты. Ол бойынша аудан басшысы барлығын ретке келтіру үшін қаржы бөлуге смета жасалып, ол жұмыстарды орындауға көмектесетінін айтты. Бұл сұрақ аудан басшысының жіті назарында болмақ. Ал, «Красный партизан» ықшам ауданы тұрғындары су жүйесін жүргізу кезінде жолдардың бүлінгенін айтты. Аудан әкімі мердігер әлі жұмысты толық аяқтамағанын жеткізіп, аяқталған тұста жолдар толығымен ретке келетінін жеткізді.  Сонымен қатар, аталмыш ықшам ауданда жаңа Мәдениет үйін салу да жоспарда бар екенін айтты.

Аудан басшысының атына түскен сұрақтар қатарына жолдарды асфальттау, тұрғын үймен қамту жайы жиі көтерілді. Ол бойынша жауап берген аудан әкімі бірқатар мысалдарды да келтіре кетті.

 – Өткен жылдары Қордай ауылының 70 пайыз жолы жөндеуден өтті. Биыл бүлінген жерлерді ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Ауданда асфальт зауыты жоқ. Осыған байланысты оны жеткізу, әсіресе сапалы төсенішті жеткізу қиындық туғызып отыр. Жақында Қайнар ауылы маңында жаңа асфальт зауыты салынды. Ол жолдардың сапалы жасалуына сеп болады деп отырмыз. Ал, тұрғын үй мәселесіне келер болсақ, ел арасындағы алып-қашпа әңгімеден алыс болуға шақырамын. Қазір аудан бойынша 2500 адам кезекте тұр. Ешкімнің кезегі не алға, не артқа жылжымайды. Алдағы жылы 300-ге жуық тұрғынды баспанамен қамтитын боламыз, — деді аудан әкімі.

Кездесу барысында жалпы қоғамдық орындағы және жолдағы тәртіп турасында сөз болып, ол жайында аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров бірқатар ескертулер айтты. Ал, аудан әкімі жақында Қордай ауылы аумағында жол ережесін күзететін арнайы камералар іске қосылатынын жеткізді.

Жалпы жиын барысында қатысушылар атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық деген баға берді.

Есеп беру кездесуінен соң Қордай ауданы әкімі ауыл тұрғындарына жеке қабылдау өткізіп, әр азаматтың арқалап келген сұрағына нақты жауаптар беріп, бірқатарын өз назарына алды, ал кейбір мәселелер бойынша жауапты мамандарға тапсырма жүктелді.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.