Қордай аудандық орталық аруханасының дәрігерлері қуықтан 8 см, 400 граммдық тасты небәрі 6 см тілік жасап, 20 минут ішінде алып тастады.
Жақында орталық аурухананың хирургиялық бөлімі тәжірибеде сирек кездесетін жағдайды тіркеді. Қуық қуысында көлемі 8 см, салмағы 400 грамм болатын алып тас анықталып, науқасқа жедел хирургиялық көмек көрсетілді.
Отаны хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Жақсымбаев пен уролог дәрігер Әбіл Гусейнов жүргізді. Білікті анестезиологтардың қатысуымен отаның ең оңтайлы тәсілі таңдалып, арқадан жасалатын анестезия қолданылды. Бұл әдіс науқастың ағзасына түсетін жүктемені азайтып, операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Хирургтер бар болғаны 6 см тілік жасап, 20 минут ішінде қуықтағы тасты толық алып тастады. Мұндай әдісті қолдану тіндердің зақымдануын барынша азайтып, науқастың тезірек сауығуына септігін тигізеді.
Бүгінде науқастың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында. Бұл ота аймақтық медицинада сирек кездесетін жағдайлардың бірі болып саналады және Қордай аудандық орталық ауруханасының мамандары күрделі медициналық жағдайларда да заманауи әдістерді тиімді қолдана алатынын көрсетеді.