ҚОРДАЙДА ИНДУСТРИАЛДЫ САУДА-ЛОГИСТИКАЛЫҚ КЕШЕН САЛЫНАДЫ

0

9 ҚЫРКҮЙЕКТЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА БОЛДЫ.
Министр Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге «Қарасу» бақылау-өткізу пунктіне барып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы индустриалды сауда логистикалық жобамен танысты. Аталмыш нысанды салу арқылы делдалдар санын азайтып, тұтынушылар үшін өнімнің бағасын және жеткізу уақытын қысқартуға болады. Кешеннің аумағында қоймалар мен өндірістік бөлмелер орналасқан. Осындай кешенді салу арқылы екі ел арасындағы өндірушілер мен кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту жоспарлануда. Өнімнің негізгі тұтынушылары Алматы, Бішкек, Тараз қаласының тұрғындары болмақ.
-Мұндай нысандар ел бойынша бесеу болмақ. Оның бірі Қордай ауданында. Құрылысты 2025 жылы аяқтау жоспарлануда. Осындай кешенді салу арқылы екі елдің транзиттік потенциалын барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда сауда-логистикалық кешенді дамытудың басым бағыттары анықталуда. Халықаралық тауар өндіру жүйесіне сәйкес сұранысқа ие, жоғары технологиялары өнім өндіру, ауылшаруашылық өнімдерін өндеу және сақтау орындарын құру, жеңіл өнеркәсіп саласында кооперациялық өндірістерді дамыту, көлік-логистикалық нысандарды салу мақсаты тұр, — деді Серік Жұманғарин.
Индустриалды сауда-логистикалық кешен «Қарасу» және «Ак Тилек» өткізу пункттерінің территориясында салынады. Жамбыл облысының әкімдігін құрылысқа 39 га жер телімін бөліп берді. Қосымша 100 гектар жер учаскесін бөлу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ, жаңа кешеннің қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісім жобасы жасалған.
Кешен аумағында агроөнеркәсіптік өнімдер сақтау және өңдеу жоспарлануда. Бұдан бөлек, индустриалды сауда-логистикалық кешен ЕАЭО халықаралық тауар өндіру желілері жүйесінде өнеркәсіптік кооперацияны жүзеге асыратын болады. Логистикалық объектілер салынып, халықаралық тауар өткізу желілері жүйесіне одан әрі интеграцияланатын қызметтер құрылмақ.
Жоба аясында “Қарасу” бақылау-өткізу бекетінде жаңғырту жұмыстары жүзеге асады. Үлкен автотұрақ салу ісі биылдан қолға алына бастамақ.
Жоғары мәртебелі қонақ Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров және Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаевпен бірге аудандағы алдыңғы қатарлы инновацияларды кеңінен қолданып жатқан өндірістік объектілерге барды. Ең алдымен Серік Жұманғарин «Eco Chicken» кооперативінің жұмысымен танысып, Қордай ауылында орналасқан құс фермасын аралап шықты. Министрді күтіп алған кооператив басшысы Талғат Сәрсенбаев келген қонақтарға қолданылып жатқан технологиялар жайлы ақпарат берді. Бройлер құсын өсірумен айналысып жатқан кооператив жем-шөп дайындаудан бастап, дайын құс етін сатуға дейін толық циклмен жұмыс істейді. Өндірілген өнім Қордай ауданы және Алматы қаласына сатылуда. Құс фермасын аралау барысында кішігірім презентация дайындалып, министрдің назарына өндірілген дайын өнім ұсынылды. Еске сала кету керек, аталмыш жоба Қордай ауданынан бастау алып, қазіргі таңда тәжірибе бүкіл Жамбыл облысына таратылуда. Сол арқылы, құс етіне деген сұраныс қанағаттандырылып, қосымша жұмыс орындары мен жем-шөпке деген сұраныс пайда болады. Кооператив жұмысымен танысқан қонақ сәттілік тіледі.
Жұмыс сапары барысында қонақтар «Самғау» ШҚ пияз өсіріп жатқан алқабына барып қайтты. Заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы өсірілген пияз мол өнім берген екен. Шаруашылық басшысы Е.Трубников қолданылған технологиялар туралы айтып берді. Алдыңғы қатарлы шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысқан Серік Жұманғарин егіс даласында жиналған шаруаларды әңгімеге тартып, жұмыс барысында туындап жатқан проблемалар жайлы сұрады.
Келесі барған нысан Оңтүстік Кореялық инвесторлар салған «Green Will» компаниясының жылыжайы болды. Көкөніс пен балық өсірумен айналысатын жылыжайда ең соңғы аквапоника технологиялары пайдаланып жатқан көрінеді. Компания өкілдерінің айтуынша экологиялық таза өнім өндірісі барысында қоршаған ортаға зиян тимейді екен. Еуропалық технологиялармен салынған кешенде балық шаруашылығының қалдықтары тыңайтқыш ретінде көкөністерді өсіру кезінде пайдаланылады. Су мен тыңайтқыш тұйық цикл бойынша айналып, үнемделіп отырады. Келген қонақтар жылыжайдағы қолданылатын технологиялармен танысып, аралап шықты. Презентация барысында компания өкілдері кореялық технологиямен құлпынай өсіруді жоспарлап жатқанын жеткізді. Ол үшін арнайы жылыжайларды дайындап та қойыпты. Осы орайда министрден мемлекеттік қолдау сұрады.
Іс-сапар «Первомайские деликатесы» ЖШС-ң қасапханасымен аяқталды. Бұл қасапхана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, әлемдік стандарттарға сәйкес ет өңдеумен айналысуда. Кездесу барысында келген қонақтар цехтарды аралап, кәсіпорын жұмысымен танысып шықты. Кәсіпорында санитарлық нормалар қатаң сақталады. Кіре берісінде автокөлік құралдары арнайы ерітінділермен дезинфекцияланып, ғимарат ішінде жүрген адамдар міндетті түрде арнайы киім мен бахила киіп жүреді. ЖШС өкілдері бүкіл технологиялық процесс пен өндірілетін өнімнің үлгілерін көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.