Қордайда кең ауқымды велошеру өтті

0

Биыл Қазақстан Республикасының Ата Заңы – Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі ретінде Қордай ауданында өткен кең ауқымды велошеруді атап өтуге болады.

Аудан әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара — азаматтық белсенділікті арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ел бірлігін нығайту мақсатында өткізілді. Велошеру Ноғайбай ауылына бұрылыстан басталып, Қордайдағы «Інжу Палас» мейрамханасына дейін жалғасты. Қатысушылар бірнеше шақырымды еңсеріп, елдік пен бірліктің символы — Көк туымызды желбірете отырып, ел Конституциясының 30 жылдық мерейтойын ерекше қуанышпен атап өтті.

Шараға жүздеген тұрғындар — жастар, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, білім саласының өкілдері, спортшылар мен қарапайым ауыл тұрғындары қатысты. Қатысушылардың қатарында велоспортты өмір салтына айналдырған азаматтармен қатар, алғаш рет мұндай шараға қатысып тұрғандар да болды. Барлығын ортақ мақсат пен мерекелік рух біріктірді.

Шерудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлері толық дайындықпен қызмет етті. Бұл — шараның жоғары деңгейде, ұйымшылдықпен өткенін көрсетеді.

Алаңда өткен қорытынды бөлімде аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат төрағасы және ардагерлер кеңесінің өкілдері сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Олар Конституцияның қоғам өміріндегі рөліне тоқталып, бұл мерекелік велошерудің мән-маңызына ерекше назар аударды.

— «Ата Заң — тәуелсіздігіміздің, демократиямыздың және ел бірлігінің кепілі. Бүгінгі іс-шара — халықтың ел болашағына бейжай қарамайтынын, Отанға деген сүйіспеншілігін көрсететін жарқын мысал. Бұл тек спорттық шара емес, бұл — рухани бірігудің, серпілістің белгісі», — дейді қатысушылар.

Қордайлықтар бұл күні Ел Конституциясының қадір-қасиетін тағы бір мәрте сезініп, салауатты өмір салтына бет бұрғанын паш етті. Осындай мазмұнды әрі мағыналы іс-шаралар қоғамның дамуына, жас ұрпақтың патриоттық рухта тәрбиеленуіне ықпал етері сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.