Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында орналасқан «Шоқпар-Гагаринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Аталған жоба – Жамбыл облысы ғана емес, тұтас өңір экономикасына серпін беретін ірі өндірістік нысан болары сөзсіз.
«Гагаринское» кен орнында салынып жатқан байыту комбинаты алтын өндіруге бағытталған. Жобаның қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға дейін руда өндіруге есептелген.
Инвестициялар кезең-кезеңімен тартылуда. Қазіргі таңда ұзындығы 44 шақырым болатын уақытша электр желісі жүргізіліп, геологиялық барлау және құрылыс жұмыстары басталды.
Комбинат құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, 2027 жылдың бірінші тоқсанында толық қуатында іске қосылады деп жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру барысында 400-500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Аудан басшысы Бегзат Болатбеков жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалап, әкімдік тарапынан өндірістің дамуына қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.