Біздің аудан пияз өндіру бойынша облыс қала берді республика бойынша көш бастап тұр. Тәжірибелі бағбандар ауа райының қолайлы кезінде гектарынан 100 тоннаға дейін өнім жинайды. Күздігүні аудан егістіктерінде тау-тау болып үйіліп тұрған қызыл пияз қаптарын байқамайтын адам жоқ шығар.
Бұл дақылды өсіру оңай іс емес, дейді диқандар. Мол өнім алу үшін бірнеше факторлар керек. Пияз үшін әрдайым су және ауа райының қолайлығы маңызды. Пияз өсіретіндердің айтуынша, тұқым себердің алдында үлкен тәуекелге баруға тура келеді. Десе де бұл істің пайдасы көп. Ендігі кезекте сол өнімді сақтау және тұтынушыға жеткізу мәселесі де күрделі. Пиязды сақтау үшін жақсы жабдықталған үлкен қойма қажет. Сонымен қатар, пиязды қаптарға жинаған кезде оны дұрыс сұрыптау да заман талабы. Себебі, пайдалы дақыл біздің ауданнан Ауғанстан, Иран, Ресей, одан әрі Еуропаға дейін жеткізіледі екен.
Қордай ауылында пиязды сұрыптап, қаптарға жинау цехы жұмыс істейді. Алты жүз шаршы метрлік цехта арнайы сұрыптау қондырғысы орнатылған. Отыз шақты жұмысшы екі ауысыммен жұмыс жасап, пиязды қаптарға жинайды.
— Пиязды тұтынушыға ыңғайлы етіп жинаймыз. Мәселен, 5 келілік шағын қапқа салып, сонымен қатар пиязды аршып, вакуумды қаптамаға ораймыз. Тұтынушының сұрауы бойынша 5-20 келілік қап немесе 0,5-3 келілік вакуумды қаптамада дайындалады. Қазір заман талабы осы, — дейді цех иесі Айбар Мақұлбай.
Кәсіпкердің 60 гектар егістігі бар. Биыл әр гектардан 70-75 тонна «Манас» сұрыпты пияз жинапты. Ал, цехта өзге пияз өндірушілердің тапсырысы бойынша сұрыптау қызметін атқарады. Айбар Мақұлбайдың айтуынша, тапсырыс көп, себебі сұрыптау қондырғысы екінің бірінде жоқ. Сұрыптаудың бағасы 1 келі – 5 теңгені құрайды. Цехта жұмыс күндіз-түні жүреді. Жұмыс аса ептілік пен сабырлықты қажет етеді. Жұмысшыларға ақысы күнделікті төленіп отырады.
Еркін Қатбеков