«Таза Қазақстан» акциясы аясында ерікті жастар Қордай ауылындағы «Ноғайбай би» атшабарына сенбілік ұйымдастырды.
Елді мекендердегі қоршаған ортаны қорғауға және таза ұстауға бағытталған шарада еріктілер тобы атшабар аумағын қоқыстан тазалап, арамшөптерді жұлып, жасыл желектерді суғарды.
Сонымен қатар, жастар қоршаған ортаны қорғау туралы ақпараттандыру жұмыстарын да жүргізді, тұрғындарды табиғатты аялауға шақырды.
Бұл сенбілік жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, оларды қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға ынталандырады. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясына қордайлық жастардың ерекше белсенділікпен қатысып жатқандығы көңіл қуантады.
Сәуір айынан бастау алған экологиялық шара барысында ауыл жастары аудандағы қоғамдық орындардан бастап, республикалық, облыстық маңызы бар жол жиектеріне тазалық жұмыстарын жүргізді- деп, атап өтті Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Расул Беделбаев.
***
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Қордай ауылының «Барыс-2» базарында сенбілік жұмыстары жүргізілді. Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан, арамшөптерден тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ, қатысушылар базар маңайындағы жасыл аймақтарды суғарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.
— «Барыс-2» базары Қордай ауылының кіре берісінде орналасқан сауда нысаны болғандықтан, әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келгендіктен базар аумағы жиі күл-қоқысқа толып жатады. Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында бүгінгі жаппай сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз. Тазалық жұмыстарына осы аумақта тұратын жергілікті тұрғындарды да шақырдық. Сонымен қатар, тазалықты сақтауға қатысты үнпарақтарды да көрнекі орындарға іліп шықтық, — деп атап өтті Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев.
Жалпы Қордай ауданында экологиялық акция аясындағы тазалық жұмыстары үздіксіз жалғасып, еріктілер, жергілікті тұрғындар және мемлекеттік мекемелер бірігіп, түрлі экологиялық шаралар өткізуде.