ҚОРДАЙДА ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

0

Қордайда жаңа білім ошағы қолданысқа берілді. Заман талабына сай бой көтерген, Талғат Нүсіпбаев атындағы жекеменшік негізгі мектеп еліміздегі үздік білім стандарттарын қолдана отырып, ауданның білім саласын арттыруға өз үлесін қоспақ.  Бұл мектеп қордайлық кәсіпкер, марқұм Талғат Нүсіпбаевтың бастамасы болатын. Көзінің тірісінде «Қордай-Балдырған» жекеменшік балабақшасын ашып, мектепке дейінгі тәрбие мекемесі еліміздегі «Үздік 100 балабақшаның» қатарына кірген еді.

 

Облыста үздік үш балабақшаның қатарында болған. Талғат аға осыдан кейін мектеп ашуды көздеген еді. Алайда, келместің кемесі тым ерте жеткені өкінішті-ақ. Бірақ, әке бастамасын ұлдары лайықты жалғастыра білді. Талғат Бақтыбайұлы өзі өмірден өткенімен, екі ұлы Бекежан, Нұржан Нүсіпбаевтар 1 миллиард теңге қаржыға аталған білім ордасын ашып, енді ауыл балаларын білім нәрімен суысындатпақ. 320 орындық негізгі мектепте жоғарыда атап өткеніміздей сапалы білім беруге барлығы қарастырылған.  Заманауи модификациялық кабинеттермен жабдықталып, әр кабинетте интерактивті тақта орнатылған, ортопед парталары бала денсаулығына өте пайдалы болары сөзсіз. Балалардың қауіпсіздігі үшін 45 камера жұмыс істеп, барлығын бақылауда ұстайды. Заманауи асханасы, спорт залы, жаттығу залы, футбол алаңшасы бар. Киім  ауыстыратын болма, ыңғайлы душ та қарастырылған. Оқушыларды тасымалдайтын жайлы автобусы да даяр. Мектептің ашылу салтанатында Жамбыл облысының  Құрметті азаматы Төле Сүгірбай қатысып, білім ордасының жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, қаржы саласы ардагері   Сманалы Тұрғынбай да сөз сөйлеп, білім ордасының сапалы салынғанына ризашылығын білдірді.

«Кәсіпкер азаматтардың қаржысын мектеп ісіне салуы — өте игі іс. Мұндай ауқымды жұмыстар бізді  қуантады »  — деп жылы лебізін  білдірді Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков. Мұнан соң мектеп құрылтайшысы Нұржан Талғатұлы қонақтарға алғысын білдіріп, білім ордасының символикалық кілтін мектеп директоры Күлсімхан Үркімбайқызына тапсырды. Талғат Нүсіпбаевтың немерелері алғашқы қоңырауды соқты. Мектеп лентасын Жамбыл облысының Құрметті азаматы  Төле Сүгірбай мен Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков қиып,  қонақтар жаңа мектепті аралап көрді.

Білім теңізіне жасаған сапарларыңыз сәтті болсын дейміз!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.