ҚОРДАЙДЫҢ 5 АУЫЛЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ауданымызда кең көлемде жүзеге асуда. Осының айғағы ретінде аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған бірқатар мекеме және ұйым басшылары ауылдарда қоғамдық қабылдаулар өткізуде.

Айта кетсек, ең алғашқы көшпелі қоғамдық қабылдау Қаракемер ауылдық округінен басталып, онда ауыл тұрғындары аудан басшылығы мен жауапты сала мамандарына көкейіндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауабын алды. Содан кейін дәл осындай кездесулер Масанчи, Сортөбе, Ауқатты, Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қақпатас, Степное, Жамбыл және өзге ауылдарда өтіп, қалың көпшілік талап-тілегін басшылықтың назарына ұсынған болатын. Ал, дүйсенбі күнгі кезекті қоғамдық қабылдау Қарасу ауылдық округі әкімдігінің маңындағы саябақта өтті. Ауыл тұрғындары арқалап келген сұрақтардың қатарында жолдарды жөндеу, көшені жарықтандыру, су мәселесі, тұрғын үй құрылысына жер бөлу, мобильді интернеттің сапасын жақсарту сынды мәселелер болды. Қабылдау барысында бірқатар сұрақтарға түсініктеме беріліп, біразы сол жерде шешімін тапса, қалғаны аудан әкімінің бақылауына алынды.

-Бүгін мен қабылдауға жеке сұрағыммен келіп, уәжіме құлақ асқан аудан әкімі мәселемнің шешілетініне уәде берді, — дейді Қарасу ауылының тұрғыны Дәулет Абықаев. -Жеке басым Мемлекет басшысының әр бастамасын қолдаймын. Билік өкілдерінің халықтың талап-тілегіне құлақ асып, тұрғындарға көмектескені қандай жақсы. Биыл ауылымыз газдандырылады, ауылішілік жолдар шетінен жөнделіп жатыр. Қысқасы, жағдайымыз жақсарып келеді. Осындай оң өзгерісті көргенде Мемлекет басшысына, аудан және облыс басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

-Бүгін Қарасу ауылында айтулы оқиға орын алған сыңайлы. Ауданның атқамінер азаматтарының барлығы бір жерге жиналып, осындайда халықтың туындаған сұрақтарын алға тартып, оларды шешуге мүмкіндігі молайды. Қараша халыққа септігін тигізген оң бастамасы үшін Президентке алғыс айтамын, — дейді Өтеген ауылының тұрғыны Айдарбай Битанов.

Қоғамдық қабылдау кешке дейін жалғасты. Бұл күні қоғамдық қабылдауға 41 адам келіп, 38 сұрақ бойынша түсіндіру беріліп, 3 сұрақ бақылауға алынды. Естеріңізге сала кетсек,  аудан аумағында өткізілген қоғамдық қабылдауларға бас-аяғы 523 адам келіп, 482 сұрақ бойынша түсіндіру беріліп, 41 мәселе бақылауға алынды.

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.