Қордайдың Богульмадағы бір бөлшегі

0

Адам туған топырағынан алыстаған сайын жүрегінде сол өлкеден бір ұшқын ала кетеді. Ол ұшқын – сағыныш пен махаббатқа толы, жылдар өткен сайын жарығы күшейіп, жанға шуақ береді. Бірі бұл жылылықты туған жерге оралғанша жанына серік етсе, енді бірі – сол ұшқыннан бөтен елде бүтін бір әлем құра алады. Бірақ адам жүрегіндегі ең нәзік, ең қымбат естелік – балалық шақ мекені – ешқашан ұмытылмайды.

Тарих тереңінен бері әйел затының басты миссиясы – отбасының шырағын жағып, ошағын сөндірмей, жақындарының жанынан табылу. Сол бір дәстүрлі жолмен әке шаңырағынан ұзап бара жатқанда, Рияна Гильмуллина өзімен бірге туған жерге, атамекенге деген махаббат пен шексіз сағынышты ала кеткен. Жүрегінің төріндегі Қордайдың бір бөлігі оны үнемі алға жетелеп отырды. Бүгінде ол Ресей құрамындағы Татарстан Республикасының Богульма қаласында Қазақстан рухын, қазақ мәдениетінің жұпар лебін, бауырлас халықтар арасындағы достықтың шынайы көрінісін паш етіп отыр.

Рияна тұрмыс құрған соң жұбайымен бірге Татарстанға қоныс аударды. Алғашында жат елдің топырағында туған ауылдың, отбасылық салт-дәстүрлердің жоқтығы жанын қинады. Бірақ ол жадап-жүдеуге емес, жаңаруға, жаңғыртуға ұмтылды. Қордайдың бір бөлшегін жаңа мекенде қайта тірілтуге бел буды. Осылайша қазақ тұрмысының таныс белгілері біртіндеп жаңа үйдің ажырамас бөлшегіне айнала бастады. Ұлттық тағамдар дастарқанның сәніне айналып, сырнай, қуырдақ, бауырсақ – Узаковтар отбасының сүйікті асы болды. Тіпті Рияна қазы дайындаудың қыр-сырын меңгеріп, жергілікті базарлардан сапалы жылқы етін таңдауға машықтанып алды. Айтуынша, туған елінде мұндай іске кіріспеген екен. Жаңа ортада ол өз тамырын тереңнен танып, ұлттық болмысын қайта өрбіте бастады.

«Қазақстан мен Қордай туралы толық білмейтін нәрселерімді зерттей бастадым. Қашықтық мені туған жерге бұрынғыдан да жақындатқандай әсер қалдырды. Бірде күйеуімді Қордайға бірге баруға көндіріп, сол жақта біраз уақыт тұрдық. Ол да, балаларымыз да қазақ халқының кеңпейілділігіне, жергілікті жұрттың шынайы жылулығына тәнті болды. Бірақ кейін қайтадан Татарстанға оралуға мәжбүр болдық», – деп еске алады Рияна Маратқызы.

Көңілін тербеген сағыныш оны тынымсыз әрекетке итермеледі. Сөйтіп көптен бері көкейінде жүрген арманын жүзеге асыруға бекінді – жылқы шаруашылығын қолға алды. Бала кезінде әкесі ұйымдастырған атпен серуендеу оның жүрегінде ерекше орын алатын. Енді сол бір әсерлі сәттерді басқа балалармен бөлісуді мақсат тұтты. Осылайша, жергілікті балаларға арналған шағын жылқы ауласы – «Лотос» дүниеге келді.

2023 жылы отбасылық бастама ретінде пайда болған бұл жоба Риянаның қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында нақты іске айналды. Бүгінде «Лотос» – тек атпен серуендеу орны ғана емес, тыныштық пен мейірім ордасы. Мұнда балалар табиғатқа жақындайды, жануарлармен етене араласып, өмір сүру мәдениетіне көз жібереді. Жылқылармен қатар қояндар, ешкілер, тауықтар мен қаздар да бар. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін иппотерапия элементтері енгізілген. Бұл – тек медициналық немесе тәрбиелік шара ғана емес, мейірім мен қамқорлықтың нақты көрінісі.

Бірақ бұл жобаның ең әсерлі тұсы – «Лотос» ауласында Қазақстанның рухани келбетін, оның мәдени құндылықтарын қайта жаңғырту.

«Мен ұлтым бойынша татар болсам да, қазақ халқының арасында, олардың дәстүрлері мен мәдениетімен біте қайнасып өстім. Қордайда түрлі ұлттар бейбіт өмір сүріп, бір дастарқанда бас қосып, достық пен ынтымақтың нағыз үлгісін көрсетті. Кейде өзіңді бір ұлттың ғана емес, күллі әлемнің азаматы ретінде сезінесің», – дейді Рияна.

Жылқы ауласының дәл ортасында орнатылған қазақтың киіз үйі – жобаның жүрегі іспетті. Бұл – жай ғана этнографиялық бұрыш емес, рухани мекен, мәңгілік салт-дәстүрдің белгісі. Рияна киіз үйдің құрылымын, арқан түрлерін, әр бөлшектің мағынасын ұзақ зерттеді.

«Бала күнімізде киіз үйді тек Наурызда көретінбіз. Оның ішкі құрылымы мен мән-маңызын шындап түсінбеген екенбіз. Енді бәрін жүрекпен сезінемін», – дейді ол.

Киіз үй арнайы Қазақстаннан тапсырыспен әкелінген. Жергілікті қолөнершілердің көмегімен нағыз шеберлік туындысына айналған бұл үй бүгінде «Лотос» ауласының басты нышанына айналды. Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген, шеберлік пен талғам тоғысқан туынды. Дизайнерлік білімі бар Рияна бұл істі ерекше ықыласпен жүзеге асырған. Оның әр ісінде шынайы махаббат, туған елге деген сағыныш пен құрмет сезіледі.

«Мен үшін киіз үй – жай ғана сәндік нысан емес. Бұл – көшпенділер мәдениетінің, отбасы тұтастығы мен қазақ қонақжайлығының символы. Киіз үйді орнату арқылы мен туған жеріммен қайта қауышқандай күй кештім. Қазақстаннан келген қандастарым киіз үйге кіріп, балалық шақтарын, ұлттық тамырларын сезінгендеріне риза болып, алғыстарын білдіреді», – дейді Рияна Гильмуллина.

Келушілер мұнда қымыз бен құрттан, ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ халқының кең дастарқаны мен салт-дәстүрінің шынайы дәмін сезіне алады.

«Киіз үйге кірген сәтте-ақ бала күнімдегі Қордай көз алдыма келеді. Мейірім мен шаттыққа толы сәттер еске түседі», – дейді ол толқып.

Бұл жобаның әр бөлшегі – халыққа деген махаббатпен, мәдениетке деген құрметпен жасалған. Риянаның арқасында Ресейдің бір түкпірінде, алыстағы Богульмада Қазақстанның мәдени мұрасы қайта тыныс алды. Бұл – бір адамның табандылығы, еңбекқорлығы және жүрегіндегі Отанға деген махаббаттың айғағы.

Жоба тек қазақ халқының ғана емес, ұлт пен ұлыстың достығын, мәдениеттердің үндестігін, өзара құрмет пен татулықты ұлықтайды. Татарстандағы татар, орыс, башқұрт, қазақ – барлығы бір киіз үйдің түтініне ұйып, бір шаңырақ астында достықтың мәңгілік екенін дәлелдеп келеді.

Осындайда ойға оралады: адам баласы қайда жүрсе де, туған топырағына, ата дәстүріне адал болса, ол жердің өзі туған елге айналмақ. Рияна Гильмуллина – осы ұстанымның жарқын дәлелі. Оның жан жылуы мен іскерлігі арқылы Қордай кеңістіктен асып, басқа елде жаңа тыныс алды. Бұл – рух пен тамырдың мәңгілікке жалғасар көпірі.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.