Сортөбе ауылында орналасқан №7 Бетқайнар колледжінің филиалында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары басталды. Бұл бастама – халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу мақсатында жүзеге асырылып отырған шара
Аталған курстарға Қордай аудандық Мансап орталығы арқылы барлығы 100 азамат жолданды. Оның ішінде 60 азамат – тігінші, 40 азамат – тракторист-машинист мамандықтары бойынша білім алуда. Оқу бағдарламасы жұмыссыз азаматтардың еңбек дағдыларын жетілдіру мен олардың табыс табуға қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Бүгінгі күні тыңдаушылар оқу процесіне белсенді қатысуда. Колледж базасында қажетті материалдық-техникалық база қарастырылып, тәжірибелік сабақтар үшін барлық жағдай жасалған. Курс соңында тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталып, еңбек нарығына орналасуға мүмкіндік беріледі.
Мұндай бастамалар халықтың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де өз септігін тигізуде.