ҚОРДАЙЛЫҚ БАЛАЛАРДЫҢ ІЗГІ ІСІ

0

Апат айтып келмейді. Әсіресе, тілсіз жау төтеннен тап беріп, қайғы жамылтып кетеді.

…Әр мектепте өзін-өзі басқару ұйымдары бар екені белгілі. Яғни мектептерде президент, парламент мүшелері сайланып, білім мекемесінің жұмысына көмек көрсетіп жүреді. Жақында №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда Қордай ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Менің жауапкершілігім — біздің болашағымыз!» тақырыбында мектеп президенттерінің кездесуі өткен болатын. Үлкен іс-шарада жұмыс жоспарының сұрақтары қаралып, тиісті шешімдер шығарылды. Осы кездесуде сөз алған Шәкәрім атындағы орта мектептің президенті Гүлден Қалқожан жиналған жұртқа ұсыныспен қайырылды.

«2025 жылдың 23 қаңтарында, қыстың қаһарлы аязды күнінде біздің Жаңатұрмыс ауылында үй кенеттен өртке оранды. Жалын құшқан үйлерінің орнында күлден өзге ешнәрсе қалмаған, айдың-күннің аманында далада қалған көп балалы Акмал және Олия Базарбаевтардың отбасында 5 бала тәрбиеленуде. Үлкен екі ұлы колледж студенттері болса, Аида және Айдана Шәкәрім атындағы орта мектебінің 9 және 6 сынып оқушылары. Отанасы бала күтімімен үйде», — деді мектеп белсендісі.

Өрт – тілсіз жау. Даңғарадай үйдің түгі де қалмай жанып кеткен. Барлығынан бір сәтте айырылған отбасының тауы шағылды. Мамандардың өртке қатысты нұсқалары – отты пайдаланудағы абайсыздық немесе электр сымдарының дұрыс істемеуі де себеп болуы мүмкін дейді. Айта кетейік, киім-кешек, құжат, жиһаз дегендерден түк қалмаған. Мамандар қай себепті атамаса да нәтиже жалғыз – көп балалы бүтін бір отбасы баспанасыз қалды. Ауыл жұрты, мектеп ұжымы қолдан келгеннің бәрін жасауда.

Абырой болғанда отбасы мүшелерінің ешқайсысы жапа шекпеген. Сонда да баспананы қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Балғындардың да тәтті күлкісі тыйылып, мөлдіреген жанарларына мұң үйірілгенін аңғаруға болады.

Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі деп сенетін Гүлден мектеп президенттерінің кездесуінде 12 ақпанда аудан мектептерінде «Біз біргеміз!» атты қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастыруға ұсыныс тастады.

«Сол кездесуде Гүлден маған қайырылды. Өз тарапымыздан біз шараның заңдылығын қарастырып, рұқсат бердік», — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков.

Жаңатұрмыстық арудың бастамасына қолдау танытқан аудан мектептерінің оқушылары 12 ақпан күні жаппай жәрмеңке ұйымдастырды. Мектептерде қызу сауда жүріп, жанашыр балалар қомақты қаржы жинап беріпті. Бұл ретте мектеп басшылары, ата-аналар, әсіресе мектеп президенттерінің рөлін ерекше атап өту керек.

«Әрине, мұндай шараның тәрбиелік мәні зор. Қазақ халқы қашанда қиын сәтте бірігіп, көмек көрсетеді. Балаларды ерте жастан жанашыр, қамқор болуға тәрбиелеу маңызды», — дейді ауданның бас ұстазы Санат Сағынбекұлы.

Сонымен сәрсенбінің сәтті күні С.Әшірбеков бастаған бір топ мамандар мен жәрмеңкеден ең көп қаражат жинап берген мектептердің президенттері Жаңатұрмысқа қарай жол тартты. Санат Сағынбекұлының айтуынша, жәрмеңкеден 4 миллион теңгеден астам қаржы жиналыпты. Делегация алдымен Шәкәрім атындағы мектепке кірді. Мұндағы ұстаздар мен оқушылар мәжіліс залына түгел жиналған. Көпшілік алдында сөз сөйлеген С.Әшірбеков алдымен шараға атсалысқан барша мектептердің оқушыларына алғыс айтты. Одан соң Аида мен Айдананы ортаға шақырып 4 млн теңгенің сертификатын сыйлағанда бүкіл мектеп қуанышын жасырмағаны рас. Кездесуде бірқатар мектептердің президенттері сөз сөйлеп «Біз біргеміз!» десті. Олар Жания Булешова (№2 М.Ломоносов атындағы орта мектеп), Жания Наурузбаева (М.Әуезов атындағы ОМ), Әдемі Сәрсенбай (№27 Ыбырай Алтынсарин атындағы ОМ), Дана Десден (Шерхан Мұртаза атындағы НМ), Асема Аристанбекова (Жүсіпбек Аймауытов атындағы ОМ).

Келесі кезекте қонақтар Базарбаевтардың қазіргі тұрып жатқан үйіне барып, азық-түліктер мен 4 млн теңгені салтанатты түрде сыйлады. Қуанғанынан көз жасына ерік берген отанасы барша атсалысушыларға алғысын жаудырды.

Міне, қордайлық балалардың қолдауымен зардап шеккен отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді деген үміт бар.

Айта кетейік, бүгінде өртенген үй орны тазаланып, күн жылынған кезде құрылыс басталатын болды.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.