11–13 қыркүйек күндері Алматы қаласында еліміздің жетекші ғылыми медициналық орталықтарының бірі – академик А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 80 жылдығына арналған IX Қазақстан хирургтерінің конгресі өтті. Бұл ауқымды ғылыми шара хирургия саласының дамуына серпін беріп, тәжірибе мен білім алмасуға арналған ең беделді кәсіби алаңдардың біріне айналды.
Конгресс аясында хирургиядағы заманауи жетістіктер, халықаралық медициналық стандарттар мен инновациялық әдістемелер кеңінен талқыланды. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі ғалымдар, тәжірибелі хирургтер мен жас мамандар қатысты. Олардың басты мақсаты – адам өмірінің сапасын арттыруға бағытталған ғылым мен тәжірибені ұштастыру.
Осындай мәртебелі жиынға Қордай аудандық орталық ауруханасының атынан хирургия бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі дәрігер Нұрлан Жақсымбаев пен білікті хирург Владимир Рузаев қатысып, аудан атынан өз үлестерін қосты. Бұл сапар Қордай медицинасы үшін үлкен мәртебе ғана емес, тәжірибе мен кәсіби серіктестікке жол ашатын маңызды қадам болды.
Конгресс аясында өткен шеберлік сабақтары мен ғылыми баяндамалар біздің дәрігерлерге жаңа бағыттарды меңгеруге, халықаралық деңгейдегі үздік тәжірибелермен танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жаңа технологиялармен жұмыс істеу, күрделі хирургиялық жағдайларды басқару мен шұғыл көмек көрсету бойынша жаңа әдіс-тәсілдер қарастырылды.
– Мұндай ауқымды конгрестер медициналық қауымдастық үшін аса маңызды. Бұл – білім мен тәжірибені жаңартатын, ой өрісті кеңейтетін алаң. Білікті мамандармен пікір алмасып, тың ғылыми жаңалықтарды өз көзіңмен көріп, оларды күнделікті практикада қолдану мүмкіндігіне ие болдық. Бұл, ең алдымен, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді, — дейді дәрігерлер.
Қордай АОА ұжымы үшін мұндай форумдарға қатысу – тек кәсіби дамудың көрінісі емес, сонымен қатар аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық шешім. Бұл – денсаулық сақтау саласының заманауи талаптарға сай дамуы үшін атқарылып жатқан нақты іс-шаралардың бірі.
Бүгінде Қордай аудандық орталық ауруханасы еліміздегі заманауи медициналық стандарттарға біртіндеп бейімделіп келеді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, жаңа технологияларды игеру және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту – басты мақсат. Конгреске қатысу арқылы қордайлық дәрігерлер өз міндеттеріне жаңаша серпін алып, болашаққа сеніммен қарайды.
Медицина – үнемі дамып отыратын сала. Осы жолда Қордай дәрігерлері де дамуға, үйренуге, тәжірибе алмасуға, ең бастысы – халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді.