Тараз қаласында «Әкелер күні» мерекесіне орай «Әкем, анам және мен – спорттық жанұя» сайысы өтіп, онда қордайлық отбасылар да бақ сынаған болатын. Жарыстың ашылу салтанатына дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков қатысып, спортты жанына серік еткен отбасыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін білдірді.
Әр жанұядан әкесі, анасы және баласы қатысқан сайыстар эстафета түрінде өткізілді.
Онда эстафеталық таяқша арқылы жарысу, қаппен секіру, доппен жаттығу, кім бірінші және секірмекпен секіру сынды спорт түрлерінен кім мықты анықталған болатын.
Тоғыз отбасы қатысқан сайыста қордайлық Мадиевтер отбасы жеңімпаз атанып, жарыс кубогына ие болды. Айта кетсек, Мадиевтер отағасы мен жұбай да мемлекеттік қызметшілер. Жарыста екінші орынды Сарысу ауданынан келген Қырғызбаевтар иеленді, ал үздік үштікті шулық Диханбаевтар қорытындылады.
Құттықтаймыз!