Жуырда Әлжан ана ауылының дене шынықтыру сауықтыру кешенінде күрестен Бектен Бектұрғановтың рухына арналған турнир өтті. 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен жарысқа Қарағанды, Алматы, Тараз қалаларынан, Алматы, Жамбыл облысынан келген 100 спортшы қатысты.
Іс-шараның ашылу рәсіміне аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Қазығұлова, облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Барысы турнирының үш мәрте жеңімпазы, қазақша күрестен Әлем біріншілігінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев және Бектұрғановтар әулеті қатысты.
«Спортта кіл мықтылар жеңіске жетеді. Спортшылар еңбекқорлықтары, табандылықтары мен қойған мақсатына жетуге ынталарының арқасында жеңіс тұғырынан көрінеді», — деген турнир қонақтары спортшыларға сәттілік тіледі. Аталмыш турнирдың жүлдегерлеріне спорт шеберіне үміткер атақтары берілді. Тартысты белдесулердің нәтижесінде 55 кг салмақ дәрежесінде бірінші орынға қордайлық палуан Алтынбек Қонысбаев, 75 кг салмақ дәрежесінде екінші орынға №43 ОМ 9 сынып оқушысы Батырбек Жанболат, 73 кг салмақ дәрежесінде үшінші орынға №41 ОМ оқушысы Жақсылық Ерасыл ие болды.Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдар, диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.