ҚОРДАЙЛЫҚ ПОЛИЦЕЙ ҚОЙДЫ 220 РЕТ КӨТЕРДІ

0

Жамбыл облысы Полиция департаментінің «Ғ.Байтасов» атындағы оқу-жаттығу полигонында ұлттық салт-дәстүрлер жаңғырған кең ауқымды іс-шара өткізілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Салтанатты жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен татулығының маңызын атап өтті.

Іс-шараға ІІО ардагерлері, қалалық-аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамдары және олардың отбасы мүшелері қатысып, ұлттық мерекенің ерекше атмосферасын сезінді.

Алаң қазақы нақышта безендіріліп, киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылды. Қонақтарға ұлттық тағам – Наурыз көже ұсынылды.

Мереке барысында халық әндері орындалып, өнерпаздар домбырамен әуелетіп ән салды, сахнада тұсау кесу салт-дәстүрі таныстырылды.

Сондай-ақ, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар халық күресі, балалар күресі, асық ату, садақ ату, бөренеден аудару, арқан тарту және кір тасын көтеру сайыстарында бақ сынады.

Күш сынасуда Қордай ауданы полиция бөлімінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі Саят Арзыханов 75 келі қойды 220 рет көтеріп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлерінің балалары да боз кілемге шығып, күреске түсіп, отбасындағы салауатты өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін көрсетті.

Мұндай іс-шаралар ұжым бірлігін нығайтып, ұлттық және отбасы құндылықтарын дәріптеуге өз ықпалын тигізеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.