ҚОРДАЙЛЫҚ ТҰРҒЫН «Әулиеата жастарымен» БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

0

Үй мәселесі қазақ қоғамының ең бір «жанды жері» болып тұрғаны жасырын емес. Әсіресе, үмітін үкілеген жастарды қолжетімді баспанамен қамту – ел алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте еліміздің әр өңірінде әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асып, жастардың «үй аламын» деген үмітін ақтап жатқаны қуантады.
Мәселен, өткен жылы Жамбыл облысында «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасы іске қосылған болатын. 2021-2025 жылдарға арналған жоба өткен жазда өңір жастарынан тұңғыш рет құжат қабылдай бастады. Бүгінде бірнеше жас отбасы пәтер кілтін алып, жаңа қоныстарына көшіп те үлгерген. Солардың бірі – қордайлық Айгүл Жошиева. Ол – аталмыш бағдарламамен Қордай ауданы бойынша баспаналы болған жалғыз азамат. Жуырда көптен күткен арманына қол жеткізген отбасына қонаққа барып, қоныс тойымен құттықтадық.
Айгүл Болатжанқызы мен отағасы Мұхит Асылбаевтың шаңырақ көтергендеріне биыл 15 жыл. Осы уақытқа дейін олар жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға өтінім беріп, баспаналы болудың сан-алуан тәсілдерін іздестіріп көрген жанұяның бұл жолы бағы жанды. «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасы туралы әлеуметтік желіден көріп қалып, бірден қамдана бастадық. Төлем қабілетіміз де банк талаптарына сай келді. Шілде айында құжаттарымызды тапсырып, 15 қыркүйекте конкурстан өткенімізді білдік. Ал 25 қыркүйек күні үйімізге көшіп келдік. Осылайша, жаңа жылды өз баспанамызда қарсы алу бақыты бұйырды. Айта кету керек, біздің отбасымыз үшін бұл бағдарламаның үлкен көмегі тиді. Өйткені, үйлі болғанға дейін тұрып келген жалдамалы пәтеріміздің иесі аяқ асты пәтерді сатуды шешкен еді. Сөйтіп, барар жер, басар тауымыз жоқ қиын сәтте «конкурстан өттіңіз» деген хабар жетіп, қуаныштан төбеміз көкке жетті. Қордай ауылынан 11 млн теңгеге төрт бөлмелі үй таптық», — дейді 34 жасар келіншек.
Жалпы бұл жоба жасы 35-тен аспаған мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен ипотека алуға мүмкіндік береді. Кейіпкеріміз Айгүл Болатжанқызы «№7 Бетқайнар колледжінің» Сортөбе ауылындағы корпусында өндірістік оқыту шебері, тігін бұйымдарының технолог-конструкторы болып қызмет етеді. Жары Мұхит та осы оқу орнында оқытушы. Бүгінде олар екі бала тәрбиелеуде. «Жоба конкурсынан Қордай ауданы бойынша біз ғана өтіппіз. Өкінішке қарай, өтініш бергендердің бірінің құжаттары, бірінің төлем қабілеті талаптарға сай болмай шыққан. Конкурстан өту үшін, ең бастысы, бағдарлама талаптарымен жіті танысып, құжаттарды дұрыс жинау керек. Сондай-ақ, өтініш берушілерге тапқан үйіңіздің құжаттарын облыс орталығына бармай жатып, мұқият тексеріп алуға кеңес беремін. Өйткені, үйге қатысты банктің қатаң талаптары бар. Таңдаған үйіңіз сол талаптарға сай әрі құжаттары дұрыс болуы қажет», — деп кеңес береді Қордай тұрғыны.
«Әулиеата жастары» өңірлік жобасы жастар үшін мол мүмкіндік екенін атап өтті кейіпкерлеріміз. «Біріншіден, бастапқы жарнасы 5 пайыздан аспайды, несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз. Ал несие мерзімі – 19 жыл. Балаларымыз есейгенше бұйыртса, ипотекамызды толық төлеп бітіреміз. Қатысушылар 13 млн теңгеге дейінгі сомада үй таңдай алады. Бұл өте тиімді. Себебі, қазіргідей қымбатшылық заманда жастар өздігінен мұндай қаражатты жинай алмайды ғой», — дейді отағасы. Асылбаевтар жанұясының болашаққа жоспары көп. Солардың бірі – үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу: «Үй ескілеу болғандықтан, жөндейтін жерлері көп. Күн жылығанда осыған кіріспекпіз. Ескі болса да, ұядай ыстық баспанамыз бар, шүкір. Осындай мүмкіндікті беріп, үйлі болуымызға септігін тигізген облыс әкімдігіне, «Отбасы банкіне», аудандық Жастар ресурстық орталығына алғысымыз шексіз. Жоба әрі қарай да сәтті жалғасып, біз секілді жастар үйлі бола берсін», — деген тілектерін жеткізді.
Айгүл, жоғарыда айтып кеткеніміздей, тігін бұйымдарының технолог-конструкторы. Ол оқытушылықтан бөлек, тапсырысқа киім тігумен айналысады. Ине-жіпті жанына серік еткен тігінші жеке шеберханасы болғанын армандапты. Баспана алу арқылы бұл қалауына да жетіп отыр. Аулада бөлек тұрған бір бөлмеден шеберхана жасап, ішіне керек жабдықтарды орналастырған. Кейіпкеріміздің ендігі мақсаты – тігін ісін әрі қарай дамыту үшін инновациялық грантқа қол жеткізу. Жолдасы Мұхит жарының бұл мақсатына жететініне сенімді. Жалпы әңгіме барысында отағасының жұбайына деген сенімі, қолдауы байқалып тұрды. Айгүлдің білікті ұстаз екенін, оның дайындаған шәкірттері облыстық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанғанын да жолдасының аузынан естідік. Осындай махаббат пен сенім орнаған шаңыраққа тек қана шаттық тілеп, үйлерінен ырыс-береке ортаймасын демекпіз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.