ҚОРДАЙЛЫҚ ТІЛШІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Бегзат Болатбеков жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты шараға аудандық «Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы мен сала ардагерлері қатысты. Аудан басшысы Мемлекет пен қоғамның арасына алтын көпір болып, қашан да қайнаған тіршілік ортасында жүретін журналистер қауымын  төл мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Ауданымыздың тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқаруда. Сіздер арқылы аудан халқы тың жаңалықтар мен қажетті ақпарат алады. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін журналистер қашанда құрметке лайық, — деп атап өткен Бегзат Сейсенқұлұлы ауданымыздың жаңалықтар жаршысына айналған бас басылымы «Қордай шамшырағы» газетінің 90 жылдық мерейтойын Қордай ауданының биылғы 95 жылдық торқалы тойымен бірге, кең көлемде атап өтуді ұсынды. Келелі кездесу барысында аудан басшысы ақпарат саласында талмай еңбек етіп жүрген бірқатар  бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін және сала ардагерлерін марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, бұл күні редакциямызға арнайы келіп, төртінші билік өкілдеріне деген жылы лебізін жеткізгендер де болды. Олардың қатарында Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев бар. Жуырда ғана сайланған ауыл әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісінде жергілікті БАҚ өкілдерінің еңбегі өлшеусіз екендігін атап өтіп, бірқатар сала мамандарына алғыс хаттар табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.