28 маусым — Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
Жиынға аудандық басылымдардың ұжымы мен сала ардагерлері қатысты.
«Ауданымыздың тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқаруда. Сіздер арқылы аудан халқы тың жаңалықтар мен қажетті ақпарат алады. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін журналистер қашанда құрметке лайық» — деп атап өтті Дамира Маратқызы.
Аудан әкімінің орынбасары ақпарат саласында талмай еңбек етіп жүрген бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне марапаттар табыс етті. Мәселен, осы күні «Қордай шамшырағы — Кордайский маяк» газетінің директоры-бас редакторы Шолпан Сабанова облыстың «Үздік журналисті» төсбелгісіне ие болса, газеттің оператор-дизайнері Ғалия Құсманғалиева облыс әкімінің Құрмет грамотасына, бас редактордың орынбасары Жандос Омаров Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамотасына ие болды. Журналистика ардагерлері Құрманбек Әлімжан, Людмила Досембекова, Сағыныш Медетбекова аудан әкімі Бегзат Болатбековтың Құттықтау хаты мен сый-сияпатына ие болса, газет тілшілері мен қызметкерлері аудан басшысының Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарына, аудандық мәслихаттың грамотасына, «Аманат» партиясы аудандық фииалының грамоталарына ие болды.