ҚОРДАЙЛЫҚ «ЖАС ИНСПЕКТОРЛАР» ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

0

Өткен жұмада Халық қаhарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған ХХІІ-ші облыстық «Жас қозғалыс инспекторлары» слёті өтіп, онда Қордай ауданы №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының «Тарландар» тобы командалық І-орынды жеңіп алды.
Отряд командирі Амина Қуат бастаған команда «Сапта жүру», «Жас насихатшылар», «Қауіпсіз дөңгелек», «Жас реттеуші», «Жас санитар», «Үгіт бригадасы» кезеңдерінен сүрінбей өтіп, әділ-қазылардың жоғары бағасына ие болды.
Айта кетейік, жыл сайын өткізу дәстүрге айналған бұл шараның мақсаты – балалар және жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөніндегі жұмысты жетілдіру, мүдделі ведомстволардың, ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің жолда балалардың денсаулығын сақтау проблемаларына, жол қозғалыс ережелерінің сақталуына назарын аудару.
Жол қозғалысының жас инспекторлары жол қозғалысы ережелерінің білгірі, жол-көлік оқиғасы кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, сапта жүру дайындығы мен жол-көлік ережелерін білуді насихаттау және көшелер мен жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша өзара сайысқа түсті.
Облыс аумағындағы барлық аудан, қалалардан жиналған жол қозғалысының жас инспекторлары арасында үздік шыққан жеңімпаз командалар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.