Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай «Сыбайлас жемқорлықтан бас тарту – тұрақтылық пен дамудың кепілі» атты форум өтті.
Облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткен ауқымды шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов қоғам дертіне айналған жемқорлықты жоюда озық тәжірибелер қолданысқа енгізілгенін жеткізді.
Ерболат Махсұтханұлы өз сөзінде өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтып өтті.
– Бүгінгі күнге дейін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында облыс деңгейінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Нақтырақ айтқанда, аудандарда сервистік әкімдіктер іске қосылып, «Адалдық алаңдары» ашылды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыру шаралары қабылданды. Мұның бәрі мемлекеттік қызмет саласында жемқорлықты болдырмауға әрі алдын алуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов бұл мақсатта биыл 300-ден аса шара өтіп, онда 20 мыңға жуық адам қамтылғанын баяндады.
Ернар Абсейітұлының айтуынша, қоғам мүшелерін ақпараттандыру мақсатында облыс көлемінде агенттіктің CALL-орталығының «1424» нөмірі бейнеленген 112 баннер мен 30 мыңнан астам арнайы жадынамалар таратылған.
Сонымен қатар облыс бойынша қоғамдық кеңес жанындағы және «AMANAT» партиясының облыстық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы талқыланып, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен тәуекелдерді жою жолдары пысықталды. Қоғамды ақпараттандыру мақсатында облыс көлемінде агенттіктің CALL-орталығының «1424» нөмірі бейнеленген баннерлер мен арнайы жадынамалар таратылды. Өздеріңізге мәлім, елімізде сыбайлас жемқорлық фактісімен сотты болғандар үшін жаза қатаңдатылды.
Мұнда «Парасатты отбасы – 2022» облыстық конкурсында жеңімпаз атанған отбасы мүшелері өнер көрсетті. Бұдан кейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте елеулі
үлес қосқан «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев пен бірқатар мемлекеттік қызметкерлер марапатталды.
Сонымен қатар форум барысында «Әділдік жолы» облыстық филиалының жетекшісі Нәзима Жұбандықова өз пікірін ортаға салды. Ол өз сөзінде облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында ағымдағы жылы «Жамбыл адалдық алаңы» жобасы жалғасын тапқанын тілге тиек етті.
Форум соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте елеулі еңбек етіп жүрген азаматтарға облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Болат Жылқыбаевтың «Алғыс хаты» тапсырылды. Олардың қатарында Қордай аудандық «Адалдық алаңы» да бар.