Қордай аудандық әскери комиссариатында сақталған мәліметтер бойынша Ұлы Отан соғысы жылдарында аудан аумағынан 10734 адам Кеңес әскерлерінің құрамында соғысқа қатысқан. Олардың төрт мыңнан астамы майданда қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Соғыстағы ерліктері үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен — 6, «Қызыл Жұлдыз» орденімен — 140, «Даңқ» орденімен — 36, «Ерлігі үшін» медалімен — 248, «Жауынгерлік айбыны үшін» медалімен — 191 қордайлық офицерлер мен сарбаздар наградталған. Михайловкалық (бүгінде Қарасай батыр ауылы) Василий Иванович Евман мен Черная речкалық (Қарасу ауылы) Сергей Яковлевич Сердюков «Даңқ» орденінің үш дәрежесін түгел алған.
Ал, Қордайлық Николай Никонорович Белашовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ол 1911 жылы Красногор ауылының маңындағы қыстақта туған. Панфилов атындағы 316-шы атқыштар дивизиясының 1075 полкінің 4 ротасында майданға кірді. 1941 жылғы 16 қарашада Мәскеу түбіндегі сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапқан жиырма сегіз жауынгердің бірі. Өзі туып өскен қыстақ, аудан орталығының бір көшесі батырдың есімімен аталады. 2007 жылы аудан орталығына аузынан ажал отын шашқан жау танксіне граната лақтыруға оңтайланған сәті бейнеленген жаңа ескерткіші орнатылды. Бұл орындағы бұрынғы кеудеден жоғары бюсті туған жеріндегі Үлкен Сұлутөр мектебінің ауласына қойылды.
Кіндік қаны Қордай жерінде тамған, бірақ, кейіннен басқа өңірлерге қоныс аударып сол жақтан соғысқа аттанған тағы үш адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені мәлім. Олар: Москаленко Иван Васильевич, 1912 жылы Георгиевкада (қазіргі Қордай ауылы) туған. Ол да Панфилов дивизиясында 1941 жылы 16 қарашада қаза тапқан жиырма сегіз батырдың бірі. Сущев Степан Захарович, 1914 жылы Қордай ауданы Георгиевка селосында туған. Орталық майданның 60-шы армия, 112-ші атқыштар дивизиясының 416-шы полкінде взвод командирі болды. Қанды шайқастардың бірінде саптан шыққан рота командирін алмастырып, жаудың қарсы шабуылын тойтарғаны үшін батыр атағы берілген. Соғыстан кейін Қырғызстанның Беловодск жүк автобазасында жұмыс істеді. Романютин Александр Иванович, 1924 жылы Қордай ауданы Георгиевка селосында туған. Артиллерист, Воронеж, 1- және 2-Белорусс, 1-Украин майдандарында соғысты. 1944 жылы Днепрден өтіп, жау плацдармын алу кезіндегі ерлігі үшін батыр атағы берілген. Соғыстан кейін Алматыда тұрып, 2006 жылы қайтыс болды.
Панфилов дивизиясының атақты мергені, бір өзі 252 фашисті жер жастандырған Әбіл Нүсіпбаевтың да Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғаны туралы көмескі деректер бар. Әбіл екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен және көптеген жауынгерлік медалдармен марапатталған. Ол туып өскен Қаракемер ауылындағы орта мектеп Әбіл Нүсіпбаевтың есімімен аталады.
Сондай-ақ, сегіз тыл еңбеккеріне Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Олар: Алемский Николай Иванович — бригадир, Данияров Ыбырайым — жылқышы, Смағұлов Мәмбет — партия-совет қызметкері, Смаглюк Дмитрий Силович — бригадир, Старакожев Иван Александрович — қызылшашы, Самохваловна (Ботавина) Татьяна — темекі өсіруші, Хан Леонид Игнатьевич — агроном, кеңшар директоры, Рябинин Иван Гордеевич — былғары комбинатының жұмысшысы.
Ал, ауданда алғаш Ленин орденін алған Есбаев Ермекбай Жүнісұлы — ұстаз, партия-совет қызметкері. Мәскеу медицина институтының түлегі, екі мәрте Ленин орденімен марапатталған атақты дәрігер Жәмила Қонақбайқызы Шурина да қордайлықтардың мақтанышы.
Қазір ауданда көзі тірі үш майдангер қалды. Олар: Кенен ауылынан Керімқұл Қосақов және аудан орталығында тұратын Николай Кожушко мен Михаил Бакшеев. Заман өзгеруде, бірақ біздің аталарымыз бен әкелеріміздің ел басына күн туғанда майданда есепсіз төгілген қаны мен тылда жасалған жанқиярлық ерлігіне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске деген құрметімізге ешқашан дақ түспеуге тиіс.
Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист.