ҚОРДАЙЛЫҚТАР ЖЫЛ ҮЗДІГІ АТАНДЫ

0

Жаттықтырушылар мен спорт мамандарының қамқорлығында өсіп келе жатқан жас дарындардың жетістіктері ауданның абыройын арттырып, Қазақстан деңгейінде танылуына септігін тигізуде.

Жақында Алматы қаласындағы Қазақ Спорт және туризм академиясында спорт саласындағы үздіктерді ұлықтауға арналған «Жыл үздігі – 2025» марапаттау рәсімі өтті. Қазақ спортының қара шаңырағында осымен 10 жыл қатарынан өткен салтанатты шараны Қазақ Спорт және туризм академиясының Кәсіпқой спорт және жекпе-жек факультет деканы Бақытбек Қонақбаев өзінің құттықтау сөзімен ашып, еліміздің түкпір түкпірінен жиналған үздіктерге спорт саласын дамытуға қосып жүрген еңбектері үшін ризашылығын білдірді.

Марапаттау рәсіміне қазақ күресінен тұңғыш еңбек сіңірген жаттықтырушы, қазақ күрес федерациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхитдинов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, ауыр атлетикадан әлем чемпиондары Жасұлан Қыдырбаев пен Нұрғиса Әділетұлы, бокстан 2 дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова секілді спорт саңлақтары қатысып, үздіктерге жүлделерін табыс етті.

Жылдың қорытынды шарасында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков «Үздік спортқа жанашыр аудан әкімі» номинациясының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Қордай ауылдық округінің әкімі аппараты, аудандық №19 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Ә.Молдасейітов, Е.Тайбековтер арнайы номинациялармен марапатталды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы КММ «Үздік жастар ресурстық орталығы» атағына ие болды.

Бұл жетістік аудандағы барлық жастардың үйлесімді, белсенді және мақсатты жұмыс істегені үшін берілген марапат. Марапатты Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы табыс етті.

Бұл жетістіктер аудан жастарына қуаныш, шабыт пен ынталандыру беріп, алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетудің негізі болары сөзсіз. Жастарымыздың шеберлігі мен белсенділігі еліміздің өркендеу мен даму жолында маңызды рөл атқарады.

Жастарымыздың жеткен жетістіктері, ауданы-мыздың мақтанышы әрі болашағы болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.