Қордай ауданының барлық ауылдық округтерінің қатысатын дәстүрлі «Қордайым – құт мекенім» фестивалі жалғасуда.
Бұл жолы фестиваль эстафетасын Қаракемер ауылы қолға алып, аудандық орталық саябақта іс-шара ұйымдастырды.
Аталған фестивальдің негізгі мақсаты – аудан жастарының өнері мен шығармашылығын дамыту, ұлттық мәдениетті насихаттап, жас ұрпақты патриотизм мен бірлікке баулу. Қаракемер жастары сахнада ән айтып, ұлттық би билеп, көрермендерді таңғалдырды. Сондай-ақ, қолөнер бұйымдарын, ұлттық тағамдарды таныстырып, спорттық жарыстар өткізіп, ауылдың ерекшеліктерін паш етті.
Фестиваль барысында ауыл ақсақалдары, жастар ұйымдары сөз сөйлеп, іс-шараға қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. Жастардың белсенділігі мен өнеріне баға берген ақсақалдар олардың ауданның жарқын болашағын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Фестиваль жыл соңына дейін әр жұма сайын жалғасын тауып, әр округтің жастары өздерінің өнерін көрсетеді. Жылдың қорытындысында ең белсенді ауыл жүлделермен марапатталады, деп жоспарлануда.