Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов Қордай ауданында болып, бірқатар құрылыс нысанын аралады.
Мемлекеттік инспектор аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовпен бірге алдымен Қарасу ауылындағы 300 орындық білім ордасының құрылыс жұмыстарын көрді.
Бақыт Оңласынұлы 3 қабаттан тұратын нысанның құрылысы 2024 жылы басталғанын, бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу екенін айтып, сол жерде мердігер компания өкілдерімен кездесті.
Ғали Қуанұлы мердігерлермен сұхбаттасу барысында биылғы жаңа оқу жылын ауыл балалары жаңа мектептен бастау үшін қолдан келгеннің барлығын жасап, жұмыс барысын жеделдету қажеттілігін баса айтты. Дей тұрғанымен де, құрылыс сапасына баса назар аудару, нысанды белгіленген мерзімде толығымен аяқтап, оның ішінде абаттандыру мен инженерлік желілерге қосу жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.
Қарасу ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырыс беруші ретінде бекітілген. Бас мердігер – «Rise Capital» ЖШС.
Жаңа білім ордасында оқушылар үшін кең әрі жарық сыныптар, заманауи спорт залы, компьютер сыныптары, зертханалар мен кітапхана қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше білімді қажет ететін балалар үшін қолжетімді орта жасалады.
Осыдан соң Мемлекеттік инспектор Қаракемер ауылындағы мектеп құрылысы жайымен танысты. Мұндағы Жайлы мектеп құрылысы 2023 жылдың мамыр айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын «Тараз строй 2004» ЖШС жүргізіп жатыр. Бұл мектеп те 300 оқушыға арналған. Құрылыс басынан бастап жоспарлы әрі жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді. Қазіргі кезде ішкі жұмыстар мен технологиялық жүйелерді орнату, жарықтандыру және сыртқы абаттандыру бойынша жұмыстар аяқталуға таяу.
Жаңа оқу ордасында оқудан бөлек, түрлі үйірмелер, спорт секциялары мен шығармашылық бағыттағы жұмыстарға да кең мүмкіндік беріледі деп күтілуде.
Мектептің қазіргі жайымен танысқан Ғали Кенжеахметовке мердігер компания өкілдері 1 қыркүйекке балаларды қабылдауға білім ошағы толығымен дайын болатынын айтты.
Барлық жұмыстар ойдағылай іске асатын болса биылғы оқу жылына ауданда екі жаңа мектеп, жаңа болғанда ерекше бой көтерген Жайлы мектеп оқушыларға есігік айқара ашпақ.