«Қайтыс болыпты» — деген суық хабар кімді болса да селт еткізбей қоймайды. Өткен айдың бас кезінде сондай суық хабарды естіп мен де беймаза күйге еніп, сенің балалық шағыңнан бергі өмір жолдарың көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты. Басқа-басқа, Сәрсенбай сенің өмірің өзгелерден өзгеше еді.
Сен қасиетті Әулиешоқы баурайында 1949 жылдың ақпанында дүниеге келіп, 4-5 жасқа жетер-жетпесте колхоздың малшысы болып жүрген әкең Әди қайғылы қазаға ұшырап, жетім қалдың. Қысы-жазы бір бітпейтін колхоз фермасында анаң Бұрылтай сауыншы болып, сен нағашы атаң Жұмабай қарияның қасында өстің. Ол кездері халықтың тұрмыс деңгейі өте ауыр еді. Сен сол ауыртпашылықтарды бала болсаң да үлкендермен тең көтеріп, жан дүниеңмен терең сезініп өстің. Балалықтың бақытты күндері мен қуанышты сәттері сені көп кездерде айналып өтіп жатты. Сондай қиыншылықтарға қарамастан өмірге құштар едің. Қаракемерден орта білім алған соң Красногор совхоз-техникумына оқуға түсіп, оны 1967 жылы жақсы аяқтап, Целиноград облысы, Ерейментау ауданында зоотехник, аға зоотехник қызметтерін атқарғансың. 1969 жылы Қызылту орденді Тынық мұхит әскери-теңіз флотында үш жыл бойы әскери борышыңды өтедің. 1973 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына түсіп, 1978 жылы «Зоотехник» мамандығы бойынша институтты үздік белгімен бітірдің. 1978-1980 жылдары Қазақ СРО Ғылым академиясының зоологиялық институтында кіші ғылыми қызметкер, 1980 жылы Алматы зоомалдәрігерлік институтының қой шаруашылығы кафедрасының кіші ғылыми қызметкерлігіне шақырылып, 1981 жылы күндізгі аспирантураға түсіп, 1986 жылы ауыл ауылшаруашылығы мамандығынан қандидаттық диссертация қорғадың. Одан кейін аға ғылыми қызметкер,ассистент,доцент атақтарын алып,қызметтерін атқардың. Осы жылдары институтта тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, оқу әдістемелік комиссия төрағасы қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқардың. Өз қызметіңе іскерлікпен, қарамағыңдағы адамдарға адамгершілікпен, кісілікпен қарағаныңа сәйкес және жылдар бойғы нәтижелі еңбегіңді ескеріп АЗВИ, ҚазҰАУ ұжым ректораттары, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті Құрмет Грамоталарымен марапаттаса, Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен қатар Қазақстан оқу министрлігінің «ҚР білімінің құрметті қызметкері» медалін де иелендің. 2001 жылы «Аңшылықтану, аң және балық шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалып зор табыстарға жеткенің мәлім.
Институт қабырғасында еңбек ете жүріп, 10 оқулық пен оқу құралын және оқу-әдістемелік нұсқаулықтың,құндылығы жоғары 80-нен астам ғылыми еңбектердің авторы бола білдің.
Ұстаз ретінде бойыңдағы бар күш – қуатыңды, жас ұрпақты — жас мамандарды тәрбиелеуге жұмсағаныңды өз әріптестерің тынбай айтуда.
Бүгін менің көз алдыма сенің рюкзагіңді иығыңа іліп алып, әскерге немесе оқуға кетіп бара жатқан балаң жігіт Сәрсенбай келіп тұрса, енді бірде мынау өмір жолынан өз несібесін теріп, кемел жасқа келіп, еңбегі жанып Қазақстанның үлкен білім ордаларының бірі Аграрлық университетінің доценті, тәлімгері, ардагері Қойшыбаев Сәрсенбай Әдиұлы елестейді. Сен бұл биіктерге инемен құдық қазғандай білімнің ауыр жолдарымен жүріп жеттің. Осыншама қыруар ғылыми еңбекпен толағай табыстарыңа қол жеткізуде сенің осындай тұлға болып қалыптасуыңа, ордалы отағасы болуыңа бірден-бір себепші де, қолдаушы да болған өмірлік жан жолдасың Әдина келін екені де түсінікті.
Алла сені сәби кезіңнен жетім қалдырып, өмірдің ыстық-суығымен бір сынаса, өскеніңде Әдинадай адал жар беріп, сенің бергі өміріңді көркейтті деп түсінемін. Туа біткен байсалдылық пен сабырлылық, адалдық пен ақылдылық, білімділік пен парасаттылық тоғысқанда ғана еліне елеулі, жарына жанын қияр адал жар тұрса керек. Мұны Әдина келін өз тағдырымен дәлелдеді. Ол қандай жауапты қызметтерде жүрсе дағы, сені қарайлап, тілеуіңді тілеп, жолыңды күтіп жүргенін талай мәрте көргенбіз. Ол саған ғана жанашыр, жанкүйер болмай, балаларың Қуанышкүл, Гүлбақыт, Ұлжан мен Асан сынды ұл-қыздарды дүниеге әкелген, өсірген, тәрбиелеген аяулы ана еді.
Әдина Хамитқызы республикалық сауда министрлігінде, АГУ-де (Алматы мемлекеттік университетінде) және «Қайнар» университетінде қызмет жасағанда, айналасындағылар ол кісіге ерекше ілтипатпен, сыймен және құрметпен қарайтын. Өйткені ол кісі мінезіне біліктілігі сай жоғарғы дәрежедегі математик, программист және істің көзін білетін ықпалды кадр еді. Амал не, сенің дүниеден өтуің оған оңай болмады. Сені арулап жуып, табытыңды үйден алып кеткенде Әдина ессіз болып қалып, сені жер ана қойнына табыстағанша ол да сенің соңыңнан бақилық болып кетті емес пе! Кім біледі, 48 жыл бойы бірге тұрып «Шәй» — десіп көрмеген қос жүрек «бақилықта да, алыс кетпей, қатар жатайық» — деді ме екен?!
Әттең, жалған дүние….. Бес күндік жалған деп қанша айтылып жатса да, бес минуттық мән бермей, бір-бірімізді бағаламай жүрген уақыттарымыздың қадіріне қашан жетер екенбіз……?!
P.S.
Мынау уақыттың дес бермей, қат болып тұрған заманында анда-мұнда болса да кездесе қалсақ арсалаңдап келіп, қапсыра құшақтап амандасар бауырлар да азайып бара жатыр.
Қойшыбаев Сәрсенбай Әдиұлы сондай бауырлардың бірі еді. Бауырмал, ақкөңіл, бір сөзді, әділдіктен жалтармайтын ойындағысын бүкпей айтатын, ұлтжанды, адамның бағасы мен қадірін білетін өз ауданымыздың тумасы еді.
Қимаймыз, қимасақта қош бол, қадір білер қайран бауыр демекпіз.
Әбдібек Сейілханұлы, Қордай ауданының Құрметті азаматы