Тіл – адамдардың қарым-қатынас құралы. Яғни, тіл арқылы адамдар бірімен бірі пікір айтысып, түсінісе алады. Қос тілділік біздің еліміздегі маңызды тілдік көрсеткіштердің бірі болып табылады. Қай тіл болмасын адам және қоғам үшін қызмет етеді.
Қазіргі еліміздің тілдік жағдайына мән берер болсақ, көптілді ел деп айтуға толық негіз бар. Неге десеңіз, елімізде көптеген этностар мен ұлт өкілдері өмір сүретіндіктен, тілдің де сан алуан түрлері ұшырасады. Алайда, осыншама тіл түрлерінің ішінде доминативті яғни басыңқы болып тұрған коммуникативті тілдеріміз – қазақ тілі мен орыс тілі. Сондықтан да, қос тілділік Республикамыздағы маңызды тілдік көрсеткіштердің бірі.
Қос тілділіктің басты тиімділігі – бүгінгі таңдағы космолиттік әлемде қарым-қатынас жасаудың жақсы мүмкіндіктері. Адам ойының мүмкіндіктерін шектемей, жан-жақты ойлауға жағдай жасайды.
Қос тілділік адамдардың өз ана тілінде және тағы бір тілде еркін сөйлеу алуын білдіреді. Шет тілдерін меңгермесек, өзге елдермен коммуникация жасау мүмкін болмас еді. Қос тілділік арқылы өзге ұлттың яғни орыс тектес ұлт өкілдерінің құндылықтарын танып, олардың ұлттық мінез-құлықтарын айқындауға мүмкіндік туады.
Сонымен қатар, қазақ тілі мен қоса орыс тілінде сөйлеу арқылы көптеген ортақ істерде мардымды мәмілеге келіп, екі ел арасындағы саяси-әлеуметтік қарым-қатынасты нығайта аламыз. Ескере кететін жайт, қазіргі таңда елімізде көпұлтты еңбек одақтары яки ұжымдары басым. Еңбек процесінде ұлттық шеңберімізден шығып, көпұлтты ұжымдармен жұмыс жасау үстіндеміз.
Республикамызда қос тілділіктің мынандай ерекшелігі бар – әр ұлт пен оның тіліне деген құрмет, ұлттық тілдерді байыту. Және орыс ұлтының мәдениетімен, техникасымен, мәдениетімен өзге ұлттарды таныстыруды мақсат етеді.
Тізбектей берсек, қос тілділіктің пайдалы да тиімді тұстары өте көп. Екі тілді меңгерген тұлға бір тілді меңгерген адамнан әлдеқайда жоғары тұрары анық. Гаспринский айтқандай, әр адам шамасы жетсе үш тілді меңгергені жөн: өз тілін, өзі мекен ететін жердің тілін және сол уақытта барлық халық білуге талпынатын тілді. Елімізде тіл мамандары да бір тілде ғана сөйлей алатын адамның рухани түрде кедей екендігін, басқа халық өкілдерімен еркін сөйлесе алмайтындығын айтады. 21 ғасыр кез-келген тілді еркін түрде игеруге мәліметтердің жеткілікті уақыты. Сондықтан да, өз дүние танымын кеңейткісі келген әрбір адам тіл меңгеру жұмыстарын қазірден бастауы қажет. Қос тілділік – қос қанат іспетті, әлемдік аренада шарықтап ұшуға мүмкіндік береді.
Айдана ӘБДІҚАДЫР, «Тілдерді оқыту орталығы» КММ қазақ тілі пәні мұғалімі