Сәрсенбі күні Қордай ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов келіп, Гвардейск қалашығындағы «ОтарБиофарм» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Биофармацевтикалық зауыттың қызметімен зауыт директоры Закир Ершебулов таныстырды. Сонымен қатар, кездесуге Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орумбаев, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Тобышакова қатысты.
Бұл зауыт әлеуметтік маңызы бар жұқпалы ауруларға қарсы елімізге қажетті биопрепараттар өндіруді жолға қойған. Қазіргі уақытта инженерлік желілер мен негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай аяқталды деуге болады. Дегенмен, желтоқсан айында толығымен аяқталуы тиіс жұмыста әлі де болса бірнеше мәселелер бар екен. Оны Закир Ершебулов «ВSL-3» өндірістік цехының ғимаратында өткен жиында Ералы Тоғжановқа баяндап берді.
Атап өтетін болсақ, Үкімет басшысының кеңесшісі аталған жиында зауыт басшылығымен және қызметкерлерімен тілдесіп, зауыттағы проблемалық мәселелерді, құрылыс жұмыстарын толық аяқтау және фармакологиялық жабдықтарды іске қосу жайын талқылады. Жауапты тұлғаларға жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қадағалауды тапсырды.
Еркін ҚАТБЕКОВ