ҚР ТЖ МИНИСТРІ ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢНІҢ ҚАУІПСІЗ ӨТУІН ТАПСЫРДЫ

0

Жуырда Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық  мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Жиында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дайындау мәселесі талқыланды.

Онлайн режимде өткен шараға Астана, Алматы және Шымкент қаласының, облыс әкімдерінің орынбасарлары, министрліктің құрылымдық және аумақтық мүшелері қатысты.

Жыл сайын қыс мезгілінде республика бойынша табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар орын алады. Бұлар, еліміздің автожолдарындағы қар құрсаулары мен көлік коллапстары, жылумен жабдықтау объектілеріндегі авариялар, тұрғын үй секторындағы өрттер  артып келеді.

Қазіргі уақытта 8 мыңнан астам ең қиын қар қауіпті аймақтар анықталды. Соңғы аптада ауа райының нашарлауына байланысты еліміз бойынша 61 жол учаскесі жабылды.

Қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында 33,8 мың адам және 12 мың арнайы көлік дайындалып, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың міндеттері айқындалды.

Қыста жолдарда зардап шеккен тұрғындар үшін 608 жылу пункті дайындалды. Сондай-ақ, қолданыстағы 40 трассалық медициналық-құтқару пункттері де жылыну пункттері ретінде пайдаланылады.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қысқы кезеңнің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.