ҚУАТТЫ ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНУДА

0

«AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалы жанындағы Өңірлік дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған партия аудандық филиалының Атқарушы хатшысы М.Күзербаев, аппарат қызметкерлері, кеңес мүшелері қатысты. Кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Э.Курумбаев жиын барысында алдымен жиналғандарды күн тәртібімен таныстырды.

Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ — Индустриалық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің атқарылған жұмыстары туралы бөлім басшысы А.Алимхожаев баяндама жасады.
-Қордай ауданында Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 857 млрд. 322,2 млн. теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 760, ал іске қосылу кезеңінде 1366 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда, — деген баяндамашы әр жобаға жекелей тоқталып өтті. Олардың қатарында тау-кен металургиялық комбинатының құрылысы және құрамында алтыны бар кенді игеру жұмыстарын бастаған «MONTERRА QASAQSTAN» ЖШС бар. Ноғайбай ауылы маңында орналасқан комбинат 2014-2026 жылдар аралығында құны 832 млрд. теңге болатын, қуаттылығы жылына 5100 кг. алтын өндіруді көздеп отыр. Қазіргі таңда, технико-экономикалық негіздеме және жобалық сметалық құжаттамалар дайындау жұмыстары жүргізілуде екен. Сонымен қатар, тағы бір үлкен жобаны «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС қолға алған. Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылы жанынан орын тепкен комбинат жылына 1000 кг. алтын өндіруді қолға алып отыр. Іске асыру мерзімі 2021-2024 жылдар аралығы. Сол аралықта 400 жұмыс орны ашылу жоспарлануда.
Келесі жобаны «Туран Металс» ЖШС қолға алған. «Қордай ауданында құрамында алтын бар кенді бастапқы қайта өңдеу бойынша өндірістік кешен салу» бойынша жұмыстар Отар ауылдық округінде орын тепкен. Іске асыру мерзімі 2021-2027 жылдар, жоба құны 440 млн. теңге, 45 жаңа жұмыс орындар ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, «АЛТАЙ ГОЛД» ЖШС «Флюорит өңдеу зауытын салу» жобасын қолға алған. Отар ауылдық округіндегі Бел ауылының төңірегінде орналасқан. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар аралығы, жоба құны 3,5 млрд. теңге. 100 жаңа жұмыс орындар ашу жоспарлануда. Ал, Қордай ауылы маңынан орын тепкен «Қордай Корм» АӨК «Өндірісті кеңейтуге, балықтарға арналған құрама-жем өндіретін жаңа қондырғы енгізу» жобасын бастаған. Құны 40,7 млн. теңге, қуаттылығы жылына 100 тонна өнім өндіру, іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдар. Қазіргі таңда қажетті қондырғылар жеткізіліп, оны техникалық реттеу жұмыстарын жүргізіп, өнімнің сынақ партиясын шығарып үлгерген.
Осы жобалар қатарында «Eco-Chicken» АӨК модульді құс фермасы да бар. Жылына 60 тонна құс етін өндіруге қауқарлы ферма ағымдағы жылы облыстық Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліпті.
Ауданымыздағы қуатты жобалар қатарына «Есаров» ЖШС-нің «Форель өсіретін шаруашылық ұйымдастыру және консерві цехын салу» жобасы да бар. Жылына 67 тонна балық өнім өндіруге бел буған серіктестік жұмысты іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар аралығы деп көрсетіп отыр. Қазіргі таңда, серіктестік инфрақұрылым жұмыстарын қолға алған.
Жиындағы екінші сұрақ — «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы бекітілген көрсеткіштер бойынша атқарған жұмыстары туралы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Амантаев баяндама жасады. Онда «АМАНАТ» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырудың Жол картасы бойынша 26 тармақтан тұратын жұмыс жайы баян етілді. Мәселен, «Жолдардың сапасын жақсартамыз» тармағы бойынша ауданда ұзындығы 104,6 шақырым аудандық маңызы бар жолдарға жөндеу жүргізу қолға алынған. Бүгінгі күні Отар-Гвардейск аудандық маңызы бар автомобиль жолы 0-2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарына, сонымен қатар, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Ноғайбай ауылына кіреберіс жолын жөндеуге, қаржы қарастырылған.27 тармақ, «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 2022 жылы 94,1пайызға арттыру» бойынша да жұмыстар қолға алынбақ. Сонымен бірге, 31 тармақ бойынша 2022-2023 жылдар аралығында Қарасай, Еңбек, Керу ауылдарына тартылатын газ құбырын салу бойынша жұмыстар жайы да баян етілі. Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарына газ тарту, анықталған мердігерлер, оған бөлінген жалпы қаржы туралы да бөлім басшысы толығымен мәлімет берді. Келесі жылға өтпелі болып отырған бұл жұмыстар қазір қарқынды жүруде. Осылармен қатар Сарыбұлақ, Қайнар, Қарасу, Степное ауылдарына ауыз су жүргізу жұмыстары, «Ұйымдастырылған қоқыс үйінділері мен полигондарды экологиялық талаптарға сәйкес келтіру», «Жасыл белдеулер» құру, барлық ауылдарда қоқысты бөлек жинауға және құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер орнату бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да бөлім басшысы жіпке тізді.
Хабарламаларды тыңдалған соң кеңес мүшелері талқылауға көшіп, одан кейін аталмыш сұрақтар бойынша шешім жобалары қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.